Массагеттен мәзір: Студенттік "Гүлшанақ" салаты

Ас үйде қиялға ерік беріп, әр түрлі керемет дүниелер жасауға болады. Бұл, әсіресе, тамақ әзірлеуді cүйетін қыздарға қатты ұнайды. Сондай керемет дүниелердің бірі – Массагет сайты ұсынған «Гүлшанақ» салаты. 

Құрамы:

2 дана қызанақ; 200 гр шұжық; «Kracks» чипстері; 200 гр ірімшік; Майонез; Қара бұрыш, тұз.

 

Ең алдымен, қызанақты жуып, ірімшікті ыдысқа салып, араластырып қоямыз. Ірімшік салатты тәтті етіп жіберуі мүмкін, сондықтан, тұз салып, жақсылап сіңгенше араластырамыз.  Пайдаланатын басқа азық-түліктерді де дайындап қоямыз.

Қызанақты кішкентай төртбұрыш етіп тураймыз. Сосын оны ірімшіктің үстіне салып, екеуін араластырамыз.

Келесі кезекте – шұжық. Шұжықты да кішкентай төртбұрыш етіп тураймыз. Оны да негізгі фаршқа қосамыз. Қара бұрыш себеміз. Жақсылап араластырған соң майонез қосамыз.

Сосын чипстерді дайындаймыз. Сындырып алмауымыз керек. Бұл өте маңызды. Дайын болған фаршты осы чипстердің әрқайсысына толтырып саламыз. Дастарханға қойғанда чипстердің астына салат жапырағын салып қоюға болады.

Астарыңыз дәмді болсын!  

Ас үйде болған: Гүлнұр Бақытбекова