Массагеттен мәзір: "Сникерс" торты

Массагеттен мәзір: "Сникерс" торты
Фото: massaget.kz

Шоколадты бисквит пен жаңғақты крем бір-бірімен керемет үйлеседі. "Сникерс" тортын дайындаудың түрлі жолдары бар. Оның қолжетімді азық-түліктермен дайындауға болатын оңай түрін ұсынамыз.

Бисквитке қажетті азық-түліктер:

- 6 жұмыртқа;
- 100 г қант;
- 100 г ұн;
- 5 г қопсытқыш;
- 2 ас қасық какао.

Кремге қажетті азық-түліктер:

- 1 құты қойылтылған сүт;
- 1 кілегей маргарині (70-80%);
- 200 г қара шоколад;
- 200-300 г (жержаңғақ) арахис.

Жұмыртқаның ағы мен сарысын бөлеміз.

Жұмыртқаның ағына қанттың жартысын салып, миксермен 7-8 минут араластырамыз. Дұрыс араласу үшін жұмыртқаның ағын сарысынан өте мұқият ажырату керек. Жұмыртқаның ағы дайын болғанын білу үшін ыдысты төңкеріп көріңіз, сол кезде жұмыртқаның ағы жылжып түспеуі керек.

Жұмыртқаның сарысына қанттың қалған жартысын саламыз.

Жұмыртқаның сарысын қантпен бірге миксермен 5-6 минут шамасында араластырамыз. Ол ағарып, көлемі аздап ұлғаю керек. 

Араласқан жұмыртқаның сарысына аздап жұмыртқаның ағын және ұн мен какаоның жартысын салып араластырамыз. Содан соң кезек жұмыртқаның ағы, ұн және какаоға келеді.

Бисквит пісіретін ыдысқа пергамент қағаз жайыңыз немесе кілегей маргаринімен майлаңыз. Содан соң қоспаны ыдысқа құйып, 180 градуста қыздырылған пеште 35-40 минут пісіреміз.

Бисквиттің толықтай суығанын күтеміз. Ол суығанша крем дайындауға кірісеміз.

Шоколадты буға ерітеміз.

Бөлме температурасындағы жұмсақ маргаринді миксермен 5 минуттай араластырамыз.

Маргаринге 2 ас қасық қойылтылған сүт пен 1 ас қасық еріген шоколадты құйып, миксермен араластырамыз. Осылай қойылтылған сүт пен шоколад біткенше араластырамыз. 

Оған тұздалмаған жаңғақты қосамыз. 

Бисквитті екіге бөлеміз.

Бисквиттің бір бөлігіне кремді жағамыз.

Оны бисквиттің екінші бөлігімен жабамыз.

Содан соң сыртының барлығына крем жағып шығамыз. Тортқа крем жақсылап сіңу үшін оны тоңазытқышта кем дегенде 2 сағат ұстаған жөн. 


"Сникерс" торты дайын! 

А. Жапатова