Қазір шиенің мерзімі болғандықтан, одан тосап, компот немесе дәмді десерт дайындауға болады. Шие, сүзбе және шоколадты бисквит бір-бірімен керемет үйлеседі. Бүгін шие-сүзбелі торттың дайындалу жолын ұсынамыз. Қажетті азық-түліктер: - 50-55 г желатин;- 2 жұмыртқа;- 2 ас қасық қант;- 2 ас қасық ұн;- 1 ас қасық какао;- 400 г сүзбе;- 1 ас қасық қаймақ;- 3 ас қасық қойылтылған сүт;- 400-500 г шие;- шиеге 3 ас қасық қант;- шиеге 200 мл су; Ең алдымен желатинге су құйып қою керек. Судың қайнап, суыған болғаны жақсы. Бір кесеге 35 г, екінші кесеге 15-20 г желатин салып, әрқайсысына 100-150 мл су құямыз. Ыдысқа жұмыртқа салып, оған 1 шым-шым тұз сеуіп, ол ағарғанша миксермен соғамыз. Жұмыртқа ағарып, көлемі ұлғайған соң, оған қант салып, тағы да миксермен соғамыз. Оған ұн мен какао салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Торт пісіретін ыдысқа пергамент қағаз жайып, оған қамырды құямыз. 180 градуста қыздырылған пеште 10-12 минут пісіреміз. Ыдысқа сүзбе, қаймақ және қойылтылған сүтті құйып, барлығын араластырамыз. Одан соң аз мөлшердегі желатинді буға ерітіп, сүзбе салып бұлғаймыз. Жаны алынатын ыдысқа алдымен бисквитті саламыз, содан соң бетіне сүзбені салып шығамыз. Шие желесін дайындағанша оны тоңазытқышқа сала тұрамыз. Шиені жуып, сүйегінен тазартамыз. Шиені тұтастай қолдануға немесе екіге бөлуге болады. Шиеге су құйып, оған қант салып, отқа қоямыз. Ол қайнаған бойда сөндіріп тастаймыз. Қайнаған шиені елекке құйып, шырынын бөлек, шиесін бөлек қоямыз. Оның шырынына мөлшері көп желатинді саламыз. Шырын әлі де ыстық болғандықтан, оның ішінде желатин жылдам ериді. Содан соң ол кисель секілді аздап қана қоюланғанша және аздап суығанша күтіңіз. Сүзбенің үстіне шие бөліктерін қойып шығамыз. Шиенің үстіне абайлап шырынды құйып, ол қатқанша тоңазытқышқа салып қойыңыз. Шие торты дайын!