Массагеттен мәзір: сәбіз бен дайкон салаты

«Дайкон» - «жапон шомыры» немесе «қытай шомыры» деген атпен танымал, жапон тілінен аударғанда «үлкен тамыр» деген мағынаны береді. Шомырдың бұл түрі калий тұздарына, кальций, магний, темір, фосфор элементтеріне өте бай. Сонымен қатар, дайкон иммунитеттің қызметін жақсартып, ағзадағы артық қалдықтарды, токсиндерді шығарып, бауыр мен бүйректі тазартатын, бүйректегі тастарды ыдырататын, жұқпалы аурулардың алдын алатын қасиетке ие. Бұдан бөлек, жапон шомыры қандағы қант мөлшерін төмендетіп, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын жақсартады. Бүгін Массагет сайты сіздерге осы дайконнан жасалған қарапайым әрі оңай жасалатын салатты ұсынады. 

Құрамы: 

Орташа көлемді дайкон – 1 дана;

Сәбіз – дайконның көлеміне қарай;

Зәйтүн майы;

Тұз – қалауыңыз бойынша

Сәбіз бен дайконды жіңішке етіп тураймыз, сәбізге арналған үккіштен өткізуге де болады. 

Тұз сеуіп, аздап май құйып, жақсылап араластырамыз да, тоңазытқышқа бір түнге қоямыз. 

 

Таңертең дайын болғанда аскөк қосып, сәнін келтіруіңізге болады. Салат дайын! Ас болсын!

Асүйде болған: Назерке Смағұл

Сурет: ©massaget.kz