Күнделікті тағамнан ерекше ас мәзірін дайындағыңыз келсе, үйреншікті күріш, картоп езбесі және макарон гарнирінен басқа пешке пісірілген картоп дайындауға болады. Оны дайындауға кететін ингредиенттердің барлығы қолжетімді және көп уақытыңызды алмайды.
Қажетті азық-түліктер:
– 8-9 орташа картоп;
– дәмдеуіштер;
– 6 ас қасық өсімдік майы;
Картопты тазартып, жуып аламыз.
Оны ұзынша етіп тураймыз.
Бір кесеге дәмдеуіштерді араластырып аламыз. Оған тұз, қара бұрыш, қызыл бұрыш, кептірілген аскөк және картопқа арналған дәмдеуіш алсаңыз болады.
Картопқа дәмдеуіштерді саламыз және өсімдік майын құямыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
Содан соң оны пакетпен жауып, 15-30 минут аралығында ұстаймыз.
Газға арналған ыдысқа (противень) пергамент қағазды жаямыз.
Пергамент қағаздың үстіне картопты саламыз. Ыдыстың түбінде қалып қойған майды да картоптардың бетіне құйып жіберіңіз.
200 градусқа қыздырылған пеште картопты 30 минут пісірдік.
Пеште пісірілген картоп дайын! Оны қуырылған етпен немесе саңырауқұлақпен ұсынуға болады. Суретте көрсетілгендей, кез келген көкөніс салатымен де ұсынсаңыз болады. Астарыңыз дәмді болсын!