Кешкі асқа пеште пісірілетін балық дайындауға болады. Оның түрлі әдісі бар. Бүгін балықтың қаймақпен дайындалатын түрін ұсынамыз. Қажетті азық-түлік: - кез келген балық түрі;- 1 пияз;- 1-2 сәбіз;- 3-4 картоп;- 200-250 г қаймақ; Пиязды орташа етіп тураймыз. Сәбізді үккіштен өткіземіз. Картопты ірілеп турап, оған аздап сұйық май мен дәмдеуіштер қосамыз. Тазартылған балықты бірнеше бөлікке бөліп, тұздаймыз. Балықтың екі жағын майға қуырып аламыз. Оны майда ұзақ ұстаудың қажеті жоқ. Біз қуырғанда ұн қолданбадық. Балық қуырған табаға пияз бен сәбізді де қуырып аламыз. Пешке салатын ыдысқа май жағып немесе пергамент қағаз жайып, картопты саламыз. Картоптың бетіне қуырылған пияз бен сәбізді саламыз. Содан соң балықты саламыз. Соңынан бетіне қаймақ құямыз. Қаймаққа қалаған дәмдеуіштеріңізді салып, араластыруға болады. Біз дәмдеуіш қоспадық. Ыдысты фольгамен жауып, 200 градуста қыздырылып тұрған пешке саламыз. Фольганы 10-15 минут өткен соң алып тастаймыз. Содан соң фольгасыз тағы да 30 минуттай ұстаймыз. Тамақтың дайын болғанын картоптың піскендігімен білуге болады. Пеште пісірілген балық дайын!