Бүгін ас үй ханшайымдары үшін нағыз жазғы тағам дайындамақпын. Десерттің құрамындағы азық-түліктердің барлығы өте пайдалы, бастысы – жасалуы өте оңай. Еңбектеген бала да, еңкейген қарт та қызыға жейтін жұмсақ тағам жаздың аптапты ыстық күндері балмұздақ орнына жарай береді. Дайындау үшін бар болғаны 5-10 минут уақыт жұмсайсыз.
Құрамы:
500 гр сүзбе
300 гр қаймақ
30 гр желатин
3 ас қасық қант
кез келген маусымдық жемістер
Қаймақты шұңғыл ыдысқа салып, 1,5 қасық қант салыңыз. Жалпы қанттың белгілі бір мөлшері жоқ. Тәттіні ұнатсаңыз көбірек, қаламасаңыз аз саласыз.
Ірімшікті де жеке ыдысқа салып, қант қосыңыз. Әбден үгітуге кірісіңіз.
Екеуін жақсылап араластырып желатин қосасыз. Ал желатинді ораманың сыртында жазылған әдіс бойынша дайындайсыз. Бұл біздің десертімізді біріктіру үшін қажет.
Бананды төрт бұрыш етіп турап, құлпынай екеуін жалпақ, аздап шұңғыл ыдысқа саласыз. Жоғарыдай айтқанымдай қолда бар кез келген жеміс-жидекті пайдалануға болады.
Жеміс-жидектің үстіне дайын болған ірімшік және қаймақ қоспасын саласыз да, мұздатқышқа кесуге келетіндей болып қатқанша қалдырып қоясыз.
Біздің десерт дайын! Асыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева