Массагеттен мәзір: Микротолқынды пеште пісірілетін омлет

Асты күймеген омлет дайындау әр арудың қолынан келе бермейді. Көмекке күнделікті қолданатын микротолқынды пеш келеді. Ең оңай, ең қарапайым, ең тез даярланатын таңғы ас мәзірімен таныс болыңыздар.

Омлет – көп елде жасалатын дәстүрлі таңғы ас тағамы. Жұмыртқа мен сүттен ғана тұратын омлетті даярлауда көбіміз бір қиындыққа тап боламыз: көп жағдайда омлеттің асты күйіп, табаға жабысып қалады. Ал оны біздің мәзірімізге қарай отырып, микротолқынды пеште даярласаңыз, үйдегілеріңізді күйіп кетпеген, ортасына дейін уылжып піскен омлетпен қуанта аласыз.

Құрамы: 

3-4 жұмыртқа; 1,5 стақан сүт; тұз, қант. Жұмыртқаға сүт қосып, тұз, қант сеуіп, араластырыңыз. Тұзы мен қанты араласып ерігеннен кейін омлетті микротолқынды пешке салуға болатын қалың ыдысқа құямыз. Оны микротолқынды пешке 3-4 минутқа орта қуатқа қоямыз. Омлет қатты көтеріледі, оның ыдыстан төгіліп кетпеуін қадағалаңыз. Төгілейін деп тұрған кезде пешті өшіріп, басылғанын күтіңіз. Артынан қайта қосып, соңына дейін даярлайсыз. Омлетті тәрелкеге шығарып, онымен қалауыңызша май не қаймақ, балқытылған сыр, ірімшік, тосап не көк-шөп беруге болады.

Ескерту: Омлетке тұз міндетті түрде қосу керек, қоспаған жағдайда, оның дәмі болмайды. Ал қант қосу, қоспау әркімнің қалауы бойынша. Қант қосылған омлет тәтті болып шығады, мұндай омлетпен бірге жеміс-жидек, тосап, бал беру керек.

Астарыңыз дәмді болсын!

Ас үйде болған: Сания Аринова