Массагеттен мәзір: Манты

Манты - көбіміздің сүйікті, ерекше күндері әзірленетін тағамдарымыздың бірі. Массагет осымен мантының мәзірін бірнеше рет берген еді. Бүгін қолданушымыз Ақнұр Бектемістің манты мәзірін назарларыңызға ұсынамыз.

Манты (манту) – Орталық Азия, Түркия, Моңғолия, Татарстан халықтарының ұсақталған ет пен жұқа жайылған қамырдан тұратын дәстүрлі етті тағамы. Қазақстанда манты үшін дайындалатын етті салмаға көбіне сиыр не қой етін, жуа, сәбіз, асқабақ пен майды (қойдың майы) турап салады. Ал қамырды ашытқысыз, жылы суда илейді.

Қамыр үшін:

500 гр ұн; 0,5 стақан жылы су; бір шымшым тұз.

Салма үшін:

тартылған сиыр еті; 1 дана сәбіз; 2 дана жуа; 4-5 тілім асқабақ; тұз, бұрыш.

Дайындалуы:

Ұнды ыдысқа елеп салып, тұз қосып, жылы суда илейміз. Қамыр өзара біріккен соң, бетін жауып, жылы жерде ұстаймыз. 15-20 минуттан соң, жұмсарған қамырды илеп, жаямыз. Манты үшін арнайы төртбұрыш пішінімен  кесіп, салма салуға дайындаймыз.

Еттартқыштан өткен етті үлкен ыдысқа салып, асқабақ, жуа мен сәбізді майдалап  тураймыз. Дәміне қарай тұз бен бұрыш қосып, жақсылап араластырамыз.

Жайылған қамырға дайын салмадан салып, түйеміз. Манты пісіретін арнайы ыдыстың (мантоварка) астын жұқалап майлап аламыз да, түйілген мантыларды саламыз. Манты буда тұрып, 40-45 минутта піседі. Оған дейін сәбіз бен жуаны қуырып, мантының үстіне тұздық дайындаймыз.

Манты дайын, дастарханға қаймақпен не майонезбен ұсынсаңыз болады. 

Астарыңыз дәмді болсын!

Жолдаған: Ақнұр Бектеміс