Қазір көкөністердің арзандаған уақытында қыстың қамын ойлап, салаттар дайындап қойған жөн. Қысқа арналған салаттың бір түрінің дайындалу жолын ұсынамыз. Қажетті азық-түлік: - 3 кг қызанақ;- 3 кг болгар бұрышы;- 1 стақан қант;- 1 стақан өсімдік майы;- 3 лавр жапырағы;- 10-12 домалақ қара бұрыш;- 2 ас қасық тұз;- 2 ас қасық сірке суы (9%). Қызанақты жуып, бірнеше бөліктерге бөлеміз. Қызанақ бөліктерін ет тартқыштан өткіземіз. Тартылған қызанақты кәстрөлге құйып, оған қантты саламыз. Содан соң өсімдік майын, лавр жапырағын және бұрыш саламыз. Оған тұз салып, сірке суын құйыңыз. Барлығын 30 минут қайнатамыз. Болгар бұрыштарын жіңішке етіп тураймыз. Оны төртбұрышты етіп те турауға болады. Туралған болгар бұрыштарын кәстрөлге салып, тағы да 15 минут қайнатамыз. Қақпақтарды суға 10 минут қайнатамыз. Ал құтыларды 100 градуста қыздырылған пеште 15 минут ұстаймыз. Ыстық банкаға дайын салатты ыстық күйінде құйып, қақпағын қатты етіп жабамыз. Салатты салқын жерде сақтау керек. Жоғарыда көрсетілген ингредиенттерден 7,5 л салат шықты.