Әйел адамның көпшілігі таң атқаннан "кешкі асқа не әзірлеймін" деген сұрақпен бас қатырады. Ал сіз саңырауқұлақты қуырып көріп пе едіңіз? Жоқ десеңіз, Массагет порталы бүгін сіздерді ерекше мәзірмен қуантады. Күнделікті макароннан жалыққан кезде жұбайыңыз бен балаларыңызды осы дәмді саңырауқұлақ тағамымен қуантыңыз.
Қажетті азық-түліктер:
- 1 пияз;
- 300 гр ет;
- 300 гр саңырауқұлақ;
- 5-6 картоп;
- 2 ас қасық қаймақ;
- өсімдік майы;
- тұз, бұрыш.
Пиязды жіңішке етіп тураймыз.
Қызып тұрған өсімдік майына қуырамыз.
Етті төртбұрышты етіп тураймыз.
Пияздың үстіне етті салып қуырамыз. Еті тез пісуі үшін жас малдың етін алған жөн.
Отты баяулатып қоямыз.
Саңырауқұлақты ұзынша етіп тураймыз.
20 минуттан соң, туралған саңырауқұлақты еттің үстіне салып қуырамыз.
10-15 минуттан соң, қаймақ салып, жақсылап араластырамыз.
Ыдыстың қақпағын жауып, еті піскенше баяу отта ұстаңыз.
Картопты тазалап, ірі-ірі етіп тураймыз.
Қазанға картоп батып тұратындай етіп су құямыз. Қатты қайнағанша 5 минуттай ұстап, одан соң отты баяулатып қоямыз. Картоп піскен соң, ыдысты оттан алып тастаймыз.
Тағамымыз дайын! Астарыңыз дәмді болсын!