Тосап қайнату – әжелердің ермегі деп кім айтты? Ол – ішкі гармонияны қайтаруға көмектесетін медитация.
Өмірде ірілі-ұсақты мәселелер орын алып жатады. Сондай сәттерден сәл алшақтап, қуат жинау үшін шет ел асып, мұхит жағасында демалу міндет емес. Қазіргідей ыстық күнде кешкі базарға үлгерсеңіз жетіп жатыр. Жұмыстан үйге қайтарда бір жәшік құлпынай сатып алыңыз. Ұяңызға жеткен соң сергітетін душ қабылдап, тосап қайнатуға кірісіңіз. Ең бастысы, сүйікті әндеріңізді қосуды ұмытып кетпеңіз. Саз сарынының ырғағына еліте, жай, бірқалыпты қарқынмен медитацияңызды бастаңыз.
Санаңызды босатып, Табиғат-Ана берген әр сыйдан сұлулығын бар жан-тәніңізбен сезінуге тырысыңыз.
Бұл медитация бір-ақ сағат уақытыңызды алады. Бірақ әсері ұзаққа созылары анық. Қазіргі жаһандану мен тынымсыз тірлігі бітпейтін заманда тосап қайнату – маңызды аялдама, шабыттандырушы медитация, тегін ароматерапия.
Оның үстіне оның берер пайдасы да зор. Тәтті тосапқа толы құтылар – қыс мезгілінде таптырмас дәрумен, әрі достарыңыз мен туыстарыңыздың қуанышына тартуға болатын ерекше сый.
Сонымен, медитациямызды бастайық:
1-қадам
Жидектерді сабағынан тазалаңыз.
2-қадам
Сабағынан ажыратылған құлпынайларды сүзгіге салып бірнеше рет жуыңыз.
3-қадам
Таза жидектерді шұңғыл ыдысқа салып үстіне қант себіңіз. Құлпынайдың шырыны пайда болғанға дейін қараңғы жерге қойыңыз.
4-қадам
Қанты сіңіп, шырыны шыққан жидекті баяу отқа қойып қайнатамыз. Көпіршіктерін жиі тазалап тұрған жөн. Жалпы ұзақтығы 40 минутта тосап дайын болады.
5-қадам
Тосап әбден суғаннан кейін асықпай отырып шай ішсеңіз болады немесе құтыларға жауып қысқа сақтап қойсаңыз да өз еркіңіз.