- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Құлпынай-желелі...
Массагеттен мәзір: Құлпынай-желелі торт
Құлпынай-желелі торт – асқазанға "жеңіл" әрі пайдалы тәтті. Ол пісірусіз дайындалады. Оны дайындау уақытты алғанымен, жасау жолы жеңіл болып келеді. Түрінің ерекшелігімен және дәмінің тәттілігімен отбасы мүшелерін таңғалдырғыңыз келсе, құлпынай-желелі тортының жасалу жолына көз жүгіртіңіз.
Қажетті азық-түліктер:
- 300 г печенье;
- 100 г кілегей маргарині;
- 350 г сүзбе;
- 400 г қаймақ;
- 1 стақан қант;
- 20 г желатин;
- құлпынай желесі;
- 200 г құлпынай.
Тортқа кіріспес бұрын желатинге шамамен 150 г салқын су құйып қоямыз. Себебі оның минимум 30 минут тұрғаны жақсы.
Печеньені арнайы құралда немесе оқтаумен ұнтақтаймыз.
Оған бөлме температурасындағы жұмсақ немесе ерітілген маргаринді құямыз. Екеуін жақсылап араластырамыз.
Оны диаметрі 20-22 см болатын және жаны алынатын ыдысқа салып, қолыңызбен немесе стақанның түбімен қатты-қатты басып саламыз. Оны әзірге тоңазытқышқа салып қоямыз.
Сүзбе, қант және қаймақты миксермен араластырамыз.
Желатин салынған ыдысты буға ұстап немесе қайнаған суға салып, желатинді ерітеміз. Бастысы ол қайнап кетпеу керек. Содан соң оны ыстық күйінде сүзбені араластырып тұрып, оған құямыз. Барлығын жақсылап араластырамыз. Содан соң сүзбе қоспасын печеньенің үстіне құйып, оны 30 минуттай тоңазытқышта ұстау керек.
Құлпынайды жіңішке етіп тураймыз. Тоңазытқыштан ыдысты алып шығып, бетін саусағыңызбен ұстап қараңыз. Егер сүзбелі қоспа қатып тұрса, оның бетіне құлпынайды әдемілеп қойып шығамыз.
Құлпынай желесін қаптамасында көрсетілгендей дайындаймыз. Алайда су мөлшерін аз етіп алуға болады.
Құлпынай желесі аздап суыған соң, оны құлпынайдың үстіне ас қасықпен аз-аздан құямыз.
Торт толықтай қатуы үшін оны кешке таман дайындап, тоңазытқышқа түнге қалдырған жөн.
Құлпынай-желелі торт дайын!
А. Жапатова