Күнделікті ас мәзірінде макаронды етпен-етсіз, қайнатып-қуырып, көкөніспен, құс еттерімен бірге өзімізше түрлендіріп пісіреміз. Оның сопақша, ирек, көбелек пішінді түрлерін де сатып алып, әр күнде әртүрлі тамақ пісіретін болдық деп қуанамыз. Ал біздің мұндай әртүрлілігімізді түгелдей бір түрге жатқызатындар макаронды қолдан жасайды екен. Бұл асты "Қолданба" деп атайды. Көбінесе Қытайдағы қандас қазақтарымыз пісіретін тағамның әзірлену жолымен таныс болайық.
Қажет азық-түліктер:
- 0,5 кг ұн;
- 4 орташа картоп;
- 2-3 сәбіз;
- 1 болгар бұрышы;
- 3 бас пияз;
- сарымсақ;
- томат пастасы.
Алдымен қамыр илеп аламыз. Қамыр құрамы қарапайым. Жылы суға тұз салып, ерітіп аламыз да, осы суды ұнға құйып, қамырды қатты етіп илейміз.
Қамырды қалтаға салып, біраз уақыт қоямыз.
Оған дейін көкністерімізді текшелеп турап аламыз.
Картоп пен сәбізді де төртбұрыштап тураймыз. Пісу ұзақтығына байланысты картоп ірілеу, сәбіз сәл майдалау не орташа болғаны дұрыс.
Сарымсақты майдалап тураймыз, екі пышақпен тым майда етіп ұсақтауға да болады.
Барлық көкөнісіміз туралып, дайындалды.
Табаға май құйып, алдымен жуа, сәбіз сарымсақты қуырып аламыз. Қалауыңыз бойынша тұз себелеңіз. Сарымсақты жақсы көретін болсаңыз, дәмі көбірек шығып тұруы үшін жарты бөлігін алып қалып, картоппен бірге салуға да болады.
Аз уақыт қуырылғаннан кейін картоп пен болгар бұрышын салып, көкөністер батып тұратын деңгейде ыстық су құямыз.
Дайын болғанша қамырдан макарон жасаймыз.
Қамырды суретте көрсетілгендей сопақша етіп кесіп алып, лағман қамырын созғандай жіңішккертеміз.
Кішкене бөлігін үзіп аламыз.
Бас бармақпен не сұқ саусақпен үйкеп, суретте көрсетілгендей пішінге келтіреміз.
Осындай қалыптар пайда болады.
Бар қамырды осылай даярлаған соң, қайнаған суға салып пісіреміз.
Алдыңғы әзірлеген асымызға қосып, араластырамыз.
Қолдан жасалған макаронымыз дайын! Астарыңыз дәмді болсын!