- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: «Қарбыз»...
Массагеттен мәзір: «Қарбыз» салаты
Көктем келе салысымен көпшілігіміз қарбызды сағынып, жазды күтеміз. Тәтті болмаса да, дәмді әрі тойымды қарбыз бейнесіндегі салат жасап, өзіңізді әзірге осылай "еркелете" тұрыңыз. Бұл салатты дайындаудың түрлі әдісі бар. Сіздерге екі нұсқасын сурет арқылы көрсетеміз. Қызыл-жасыл көмкерме ішіне қандай "тосынсый" жасырсаңыз да, өз еркіңіз. Біз дұрыс тамақтану үлгісімен қайнатылған картоп пен сәбізді алдық. Сыртқы безендірілуін қарбыз бейнесіне келтіріп, ішіне қайнатылған тауық етін, саңырауқұлақ, тіпті ет қуырып салуға да болады.
Қайнаған картопты үккіштен өткіземіз не ұзынша етіп тураймыз.
Сәбізді де жіңішке ұзынша етіп турап, картоптың бетіне орналастырамыз.
Сәбіздің үстіне қаймақ жағамыз. Қалауыңызға қарай майонез не қолдан жасалған соус құйсаңыз да болады.
Бірінші үлгісіне қызыл тәтті бұрыш алдық. Анар түйіршіктерін қолдануға да болады.
Ұзынша туралған болгар бұрышын мұқият төсейміз.
Қарбыздың қабығына жасыл болгар бұрышы жарайды. Немесе орнына көк пияз, көк шөп пайдаланыңыз.
Туралған жасыл бұрышты әдемілеп орналастырамыз.
Орамжапырақты қызыл-жасыл бөліктің ортасындағы ақ жерін келтіруге қолданамыз.
Орнына жұмыртқаның ағын алсаңыз да өз еркіңіз.
Өте майда етіп туралған орамжапырақты екі бұрыштың ортасына орналастырамыз.
Қарбыздың тұқымына баклажан аламыз. Оны майда ромб не үшбұрыш етіп тураңыз.
Дәндерін қойып шығайық. Бірінші салатымыз дайын.
Тағы да картоп, сәбіз, қаймақ жағып, салаттың ішкі бөлігін дайындап аламыз.
Екінші салатта қызыл қарбыздың рөлін қызанақ ойнайды.
Бұл "қарбыз" сәл піспеген, себебі қызанақ ақшыл.
Ал бұл қарбыздың сырты үшін қиярдың қабығын үккіштің ең майда көзінен өткіземіз.
Үгітілген қиярды қызанақтың жақтауына жаямыз.
Ортасындағы ақ жеріне ірімшік (сыр) аламыз.
Үккіштен өткізілген ірімшікті орналастырамыз. Дәні жоқ қарбыз салаты да дайын. Ас болсын!
@. @assel_assanova