Лаваштан дайындалатын ыстық рулеттер пеште пісіріледі. Оны майға қуыруға да болады. Бұл тіскебасар өте дәмді әрі тойымды болып шығады. Оны таңғы асқа немесе кешкі шайға ыстық күйінде ұсынуға болады.
6 тіскебасарға қажетті азық-түлік:
- 3 лаваш;
- 1 қызанақ;
- 200 г шұжық;
- 200 г ірімшік;
- аскөк;
- 2-3 ас қасық майонез;
- 1 жұмыртқа.
Шұжықты төртбұрышты етіп тураймыз.
Ірімшікті үккіштен өткіземіз.
Қызанақты төртбұрышты етіп тураймыз.
Аскөкті ұсақтап тураймыз.
Лаваштың жартысына алдымен жұқа етіп майонез жағып, содан соң аз-аздан жоғарыда туралған ингредиенттерді саламыз.
Салындысы бар лавашты алдымен бүктеп, содан кейін рулет етіп ораймыз.
Оралған лавашты пештің ыдысына салып, үстіне жұмыртқа жағып, күнжіт себуге болады.
Оны 180-200 градуста қыздырылған пеште 15-20 минут ұстаған жеткілікті.
Дәмді тіскебасар дайын!