Демалыста шаймен бірге дастарханға қоятын кезекті кекстің мәзірін ұсынамыз. Бұл жолғы кексіміз үлкен отбасыға жететіндей көлемді болып шықты. Құрамындағы ірімшік пен жидектер бәлішке нәзік дәм мен хош иіс береді.
Құрамы:
200 грамм сары май; 200 грамм қант; 250 грамм ірімшік; 350 грамм ұн; 5 жұмыртқа; 3 ас қасық сүт; жарты шай қасық ванилин; 1 пакет қамыр қопсытқышы; жидектер.
Сары май мен қантты жақсылап араластырыңыз.
Майлы массаға жұмыртқаларды бір-бірден қосып, әрқайсысын қосқанда миксермен араластырыңыз.
Ірімшікті бір ас қасықтан қосып оытырып, жақсылап араластырамыз.
Ұн мен қамыр қопсытқышын бөлек араластырып алып, үстінен қосамыз. Қамырды мұқият араластыру маңызды.
Жуылған жидектерді қамырға қосыңыз.
Мұндай бәлішті ортасы тесік пішінде пісірген жөн, себебі қамыр өте қою болады. Кексті 50-60 мин шамасында 180С градуста пісіреміз.
Жеміс кексі дайын. Астарыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Сания Аринова