Массагет порталы ұйымдастырған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауы мәресіне жетіп, 8 аптаға созылған жарыста "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандар анықталып, жүлделі орындарға ие болған еді.
Массагет сайты ұйымдастырған байқау жоғарғы дәрежеде өтті деп айтуға толықтай негіз бар. Жарыс жолына шыққан 40 қатысушының 27-сі мәреге дейін жетті (тек көрсеткіштері ғана әртүрлі болды демесеңіз). Арнайы тапсырмалар тізімі жарияланған кезде ең үздік мәзір сайтымызда жарияланады деп уәде берген едік. Енді сол уәдемізді орындаймыз. Барлық аспаздың еңбегі мойындауға тұрарлық. Бір-бірінен аспаса, кем түспейді. Қатысушыларымыз әзірлеген мәзірді аспаз маман, ал оны сөзбен көркемдеп жеткізе білуін біз бағаладық. Нәтижесінде ойымыз бір арнада тоғысып, Ақбаян Қоныс қызымыздың мәзірі ең үздік деп танылды.
"Қайырлы күн, массагеттік оқырмандар! Байқаудың соңғы аптасында барлығымызға да арнайы тапсырмалар берілген болатын. Маған өз мәзіріміз бойынша тағам әзірлеу тапсырылды. Бұрын-соңды өзім ойымнан тағам жасап көрген емеспін. Сондықтан біраз қиындық туғызды. Тағам ойлап табудың өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Себебі "Ондағы қоспаларымыз бір-бірімен үйлесе ме?" немесе "қалай шығады?" деген сынды сұрақтар туындайды. Дегенмен керемет шықпаса да, өз ойымнан жасалған алғашқы тағамды сіздерге ұсынғалы отырмын.
Тағамның атауына келетін болсам, оның атауын жылдам ойлап табуыма тура келді. Бір кезде есіме жақын мезгілде болатын құрбымның туған күні түсті. Сосын неге тағамның атауын құрбымның есімімен атамасқа деп ойладым. Құрбымның аты Назгүл. Әрі пісірген тағамым да гүл пішінді болғандықтан, тағамымды «Гүлиназ» деп атадым. Әрі құрбыма үлкен сыйлық болар еді.
Қажет азық-түліктер тізімі:
- тауық еті;
- 2 болгар бұрышы;
- 1 сәбіз;
- 1 пияз.
Қамырына қажет азық-түліктер:
- ұн;
- 0,5 стақан сүт;
- 0,5 стақан су;
- 1 шай қасық өсімдік майы;
- ашытқы;
- тұз.
1. Алдымен қамырдың құрамын араластырып, көтерілгенше қоямыз. Қамыр дайын болғанша пияз, сәбіз, болгар бұрышы, тауық етін ұсақтап турап, өсімдік майына қуырып аламыз.
2. Одан кейін қамырымызды жайып, дөңгелек пішінді етіп кесеміз.
3. Ішіне салмамызды салып, ораймыз.
4. Дайын болған соң пеште пісіріп аламыз.
5. Міне менің тағамым дайын. Астарыңыз дәмді болсын!
P.S: Бұған дейін тек дайын мәзірлермен тағам дайындаған екенмін. Осы байқаудың арқасында өзімнің алғашқы мәзірімді дайындадым. Маған осындай мүмкіндік берген МАССАГЕТ-ке алғысымды білдіремін!"
Ерекше мәзір ойлап тауып, бізді қуантқан Ақбаян қызымызға біз де алғысымызды білдіреміз! Алар асуың көп болсын! Бұдан өзге Зелимхан Жолдасов, Ақерке Ерболған, Әсем Жолдасова, Ақерке Ашимақын сынды аспаздарымыздың мәзірлеріне "5" деген баға береміз.
Құрметті оқырмандар, Ақбаянның мәзірін сіздер де әзірлеп, өз бағаларыңызды бересіздер деген үміттеміз!