Гүлді қырыққабат көп жағдайда диеталық сорпаларда қолданылады. Оның адам ағзасына пайдасы өте көп. Ол С дәруменіне, натрий, калий, кальций, магний, фосфор және темірге бай. Англияда гүлді қырыққабат көкөністердің ішіндегі сүйіктісі. Олар ол туралы былай дейді: Ең керемет гүлдер ол қырыққабаттың гүлдері. Ендеше, осы пайдалы көкөністен сорпа дайындаудың жолын ұсынамыз. Қажетті азық-түліктер: - ет;- 1 бас гүлді қырыққабат (шамамен 1 кг);- 1 пияз;- 1 сәбіз;- 1 болгар бұрышы;- 4-5 картоп;- тұз, қара бұрыш, лавр жапырағы, сарымсақ. Қазанға су құйып, оған ет салып, піскенше қайнатамыз. Піскен етті орташа етіп турап, қайтадан сорпаға саламыз. Пиязды ұсақтап турап, сәбізді үккіштен өткіземіз. Табаға аздап май құйып, оған пияз бен сәбізді жұмсарғанша қуырып аламыз. Содан соң оны сорпаға салып жібереміз. Болгар бұрышын ұзынша етіп турап, сорпаға саламыз. Сорпа әдемі көрінуі үшін оның қызыл немесе сары түсін алуға болады. 1 бас гүлді қырыққабатты аламыз. Қырыққабатты гүлшоғырға қолмен бөлеміз. Оларды салқын суға жуып аламыз. Картопты тең екіге тураймыз. Картоп пен қырыққабатты сорпаға бірге саламыз. Содан соң дәміне қарай тұз, қара бұрыш, 1 лавр жапырағын және 1 сарымсақты салып жібереміз. Картоп піскенде сорпа дайын болады. Сорпа дайын! Біздің мақалалар Telegram желісінде. Арнамызға қосылыңыз!