Фаршталған бұрыш – болгар, румын, әзірбайжан халықтарының асханасына тән тағам. Бұрыштың ішіне ет пен көкөністен жасалған фарш салыну арқылы жасалады. Кей асхана ішіне тойымды болуы үшін күріш қосады. Артынша сорпада қайнатылып, дастарханға қаймақпен бірге қойылады. Әр аспаз қолда бар азық-түлігіне байланысты өзгеріс енгізіп отыратындықтан, түрліше дайындалады. Олай болса, біз де оның бір түрін дайындап көрейік.
Қажет азық-түліктер тізімі:
- 800 г ет;
- 0,4 кг картоп;
- 0,4 кг сәбіз;
- 1 шыны күріш;
- 1 кг болгар бұрышы;
- 0,5 кг қызанақ;
- 1 бас пияз;
- тұз;
- қара бұрыш;
- дүкеннен сатып алынған сорпа (бульон).
1. Еттің тең жартысын қайнатамыз. Арасында көбігін алуды ұмытпаймыз.
2. Күрішті жақсылап жуып, қайнатамыз.
3. Сәбізді аршимыз.
4. Бұрышты дәнегінен тазартамыз.
5. Қызанақты тазалап жуамыз.
6. Әрқайсысын бірнеше бөлікке бөлеміз.
7. Бөлінген қызанақтарды блендерге саламыз.
8. Пиязды үлкен етіп кесеміз.
9. Оны да блендерге саламыз.
10. Қызанақ пен пиязды блендердің көмегімен майдалаймыз. Сорпаға қосатын тұздығымыз дайын.
11. Сәбізді үккіштен өткіземіз.
12. Картопты майдалап тураймыз.
13. Етті бірнеше бөлікке бөлеміз.
14. Етті еттурағыштың көмегімен майдалаймыз.
15. Дайын болған етті бөлек ыдысқа саламыз.
16. Қазанға қайнатқан етімізді де еттурағышпен майдалаймыз.
17. Еттің үстіне сәбізді саламыз.
18. Қара бұрыш пен тұз қосамыз. Ет тұздалған болса, тұзды барынша азырақ салғанымыз жөн.
19. Қайнаған күрішімізді саламыз.
20. Күрішпен араласқан фаршымызды бұрыштың ішіне саламыз.
21. Соусты қазандағы сорпаға қосамыз. Арнайы ұнтақталған сорпа (бульон) саламыз.
22. Фарш салынған бұрышымызды қазанға саламыз.
23. Үстіне майдалап туралған картопты салып, 40 минут қайнатамыз.
24. Тағамымыз дайын. Астарыңыз дәмді болсын!