Түскі немесе кешкі асқа дәмді әрі шырынды ет шарларын дайындауға болады. Оны кез келген гарнирмен ұсынады. Ендеше, жылдам және оңай дайындалатын ет шарларын ұсынамыз. Қажетті азық-түліктер: - 400-500 г тартылған ет;- 1 үлкен пияз;- 2 сарымсақ;- 1 жұмыртқа;- 3 ас қасық ұнтақ жарма;- 2 ас қасық қант;- 0,5 шай қасық тұз;- 2 шай қасық томат;- 100 мл су;- 100-150 г қаймақ. Ыдысқа тартылған ет, үккіштен өткізілген пияз бен сарымсақ, жұмыртқа және дәміне қарай аздап тұз бен қара бұрыш қосамыз. Ет шарлары пішінін жақсы сақтауы үшін ұнтақ жармасын (манка) қосқан жақсы. Егер ол болмаса, нанның жұмсағын суға жібітіп салуға болады. Барлығын қолмен жақсылап араластырамыз. Содан соң тұздық дайындауға кірісеміз. Ол үшін шағын ыдысқа 2 ас қасық қант пен жарты шай қасық тұзды саламыз. Оған томат саламыз. Соңынан су құйып, қанты толықтай ерігенше араластырамыз. Тартылған ет қоспасынан екі қолымызбен айналдыра отырып, кішкене шарлар жасаймыз. Оларды пешке салуға болатын ыдысқа орналастырамыз. Үстіне томат тұздығын құямыз. Әр шардың бетіне 1 шай қасық қаймақ жағамыз. Оны 200 градуста қыздырылған пеште 30-40 минут пісіреміз. Ет шарларын картоп пюресімен және көкністі салатпен ұсынуға болады. Ет шарлары дайын!