Ет қосылған кәріс салаты тойымды әрі дәмді тағам. Оны суық және ыстық күйінде де ұсына береді. Егер ащы тағамды жақсы көрсеңіз, бұл салатқа ащы дәмдеуіштерді қолдануға болады. Қажетті азық-түліктер: - 300г ет;- 1 үлкен пияз;- 1 үлкен сәбіз;- 1-2 болгар бұрышы;- 3-4 қияр;- 3 ас қасық соя тұздығы;- дәміне қарай дәмдеуіштер (сарымсақ, қара бұрыш, қызыл бұрыш және т.б). Етті ұзынынан тураймыз. Сәбізді де дәл солай. Көкөністер әдемі көрінуі үшін пышақтың ирелең түрін таңдауға болады. Пиязды жарты сақина етіп тураймыз. Болгар бұрышын тураймыз. Қиярды да ұзынынан тураймыз. Содан соң қиярды бір ыдысқа салып, аздап тұз қосып, араластырып қоямыз. Сол кезде қиярдың аздап суы шығып, жұмсарады. Бұл салатқа кейде тұздалған қияр қолданылады. Табаға май құйып, ол қызған соң пиязды қуырамыз. Пияздың шеттері сарғая бастағанда оны ыдысқа түсіріп аламыз. Сәбізді де майға қуырамыз. Көкөністерді ұзақ қуырудың қажеті жоқ. Олар езіліп кетпей, аздап жұмсарса болғаны. Сол секілді болгар бұрышын да аздап қуырып аламыз. Етті де майға қуырып, отты бұқтырып, ет піскенше отта ұстаймыз. Аздап су құйып жіберуге де болады. Ет піскен соң, барлық ингредиенттерді бір ыдысқа саламыз. Оған соя тұздығы мен дәміне қарай дәмдеуіштер қосып, барлығын араластырамыз. Салат дайын!