Массагеттен мәзір: "Достық" салаты

Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерге француз салаттарының бірін ұсынбақпыз. Құстың ұясына көбірек ұқсайтын бұл салат сәнді етіп дайындалатын болғандықтан, қонақтарға арнап дастарханға қоюға әбден болады. Салатта барлық ұлттардың басқосуы секілді, көптеген өнімдер қатарласып қойылады. Ұлттар достығын дәріптейтін салаттың "Достық" аталуы да сондықтан. Ендеше француздардың сәнді де, дәмді салатының жасалуын бірге үйренейік!

Құрамы:

құтыдағы жүгері; құтыдағы асбұршақ; суға қайнатылған сәбіз; майға қуырылған және текшелеп туралған картоп; суға қайнатылған жұмыртқа; сыр; шұжық (колбаса); қияр; саңырауқұлақ; майонез. Ең алдымен қиярды текшелеп және жіңішкелеп тураймыз. (Қиярдың қабығын ашудың қажеті жоқ). Саңырауқұлақты да текшелеп және жіңішкелеп тураймыз. Ендігі текшелеп турау кезегі - шұжықта. Жұмыртқаны да дәл солай тураймыз. (Жұмыртқаның сарысын бөлек турап, ең үстіне себуге де болады). Сырды да текшелеп және жіңішке етіп тураймыз. Піскен сәбізді турауды да ұмытпаймыз. Бәрін турап біткен соң, тәрелкенің ортасына майонезді көлемдірек етіп құямыз да, туралған заттарды қатар жайғастырамыз.

Құйылған майонездің үстіне қуырылған картопты үйіп саламыз да, үстінен майонезді жіңішке етіп айналдыра жағып шығамыз. Ең үстіне жұмыртқаның сарысын сеуіп шықсақ та, артықтық етпейді. 

Салат дайын! Ас болсын!

Ас үйде болған: Ақерке Әбілхан

Суреттер автордан