Массагеттен мәзір: Бутерброд

Демалыста қандай жаңа тағам жасарыңызды білмейсіз бе? Онда біз ұсынған бутербродты жасаңыз. Жасалу жолы өте оңай, әрі құрамындағы ингредиенттер әр үйден табылары анық. Бұл асты жатақханада тұратын студенттерге де жасауға болады, есесіне бір тойып қаласыз.

Бізге керегі:

Бутерброд наны - 3 дана;

Қызанақ - 2 дана;

Жұмыртқа - 2дана;

Көк пияз - 2-3 бас;

Сары май - 150 гр;

Кілегей - 100 мл;

Тұз - қалауыңызша. 

 

Бутерброд нанының ішіндегі жұмсағын алып, ойық жасаймыз. Көк пиязды тураймыз. Қызанақтың қабығын сыпырып аламыз. Қайнаған ыстық суға 1-2 минутқа салып алсаңыз, жұқа қабығы тез алынып қалады. Сосын оны текшелеп тураймыз. Майды табаға ерітеміз. Еріген майды нанның ішіне, «қақпақ» етіп алынған бөлікке де жағып шығамыз. Қалған майға көк пиязды қуырамыз. Пияздың үстіне жұмыртқаны саламыз. Жұмыртқаның ақуызы ағара бастаған кезде кілегейді құйып, жақсылап араластырамыз. Сарғайғанша араластырып, қуырамыз. Ысырап болмас үшін, нанның жұмсағын да салып, қуырамыз. Салма дайын болды дегенде қызанақты салып, тұздап, араластырамыз. Дайын салманы нанның ішіне саламыз.  Салманың бетіне көк пияз турап, сәндейміз. Бетін жауып, дастарқанға қоямыз. 

Бутерброд дайын! Ас болсын!

Ас үйде болған: Назерке Смағұл

Сурет: ©Massaget.kz