Смузи дегеніміз — блендерде үгітілген жеміс-жидектерге сүт немесе айран қосылып әзірленетін қою шырын. Кейде дүкеннен сатып алынған шырынды да қосып жатады. Аталған тәтті сусын біздің елімізде көп таралмағанымен, шетелде әйгілі. Дайындалу тез әрі оңай. Мұнымен қатар, құрамын түрлендіре беруіңізге болады. Кезекті материалымызда оның бананнан жасалған түрін әзірлейміз. Олай болса, іске кірісейік.
Қажеті азық-түліктер тізімі:
- 3 банан;
- 300 г сары өрік;
- 2 шай қасық бал;
- 1 шай қасық қант;
- 0,5 л айран.
1. Смузиді блендердің көмегімен дайындайтындықтан, жеміс-жидекті қалай турайтынымыз маңызды емес. Сол себепті бананды осылай бірнеше бөлікке бөлуді жөн көрдім.
2. Сары өрікті жуып, сүйегінен тазартамыз.
3. Артынша сары өрікті блендерге саламыз.
4. Үстіне бананды саламыз.
5. Балды саламыз.
6. Қант себеміз.
7. Айран құйып, барлығын блендерде араластырамыз.
8. Банан қосылған смузиіміз дайын. Астарыңыз дәмді болсын!