Асқабақтан қандай да бір тағам дайындап, одан кішкене бөлігі қалып қойса, шайға бәліш дайындап қойсаңыз болады. Себебі асқабақ тоңазытқышта ұзақ сақталмайды, ол тез бұзылады. Ендеше, асқабақ бәлішін дайындаудың бір әдісін ұсынамыз.
Қажетті азық-түліктер:
- 1 стақан езілген асқабақ;
- 2 жұмыртқа;
- 1 стақан қант;
- 1 шай қасық ванилин (міндетті емес);
- 1,5 стақан ұн;
- 1 ас қасық даршын;
- 0,5 шай қасық тұз;
- 1 ас қасық қопсытқыш;
- 0,5 шай қасық жұпар жаңғағы (міндетті емес);
- 100 гр кілегей майы;
- 1 уыс мейіз (грек жаңғағы немесе өрік қосуға болады).
Асқабақты қабығынан тазартып, жуып, орташа бөліктерге бөліңіз.
Ыдысқа су құйып, асқабақты салып, жұмсарғанша пісіріңіз. Оны буға да пісіруге болады.
Піскен асқабақты пюре етіп езіп, толықтай суытыңыз.
Бәлішке езілген асқабақтың бір стақаны қажет болады.
Кілегей майын алдын ала ерітіп, содан соң суытып қойыңыз.
Жұмыртқа, қант және ванильді қантты (немесе ванилин) миксермен 2 минут шамасында соғасыз.
Оған асқабақ пюресі мен ерітілген кілегей майын құйып, тағы да миксермен араластырасыз.
Ұнға қопсытқыш, тұз, даршын және жұпар жаңғағын салып, оларды електен өткізіп дайындап қойыңыз.
Қамырға ұн қоспасын салып, жақсылап араластырыңыз.
Мейізді ұнға бұлғап алыңыз, сол кезде ол піскенде бәліштің тек астына түсіп немесе үстіне шығып кетпей, біртекті таралады.
Қамырға мейізді салып, араластырыңыз.
Бәлішті мультипісіргіште "Выпечка" батырмасын басып, 1 сағатқа қойдық. Егер пешке пісірсеңіз, 180 градуста 45-50 минут дайындайсыз.
Асқабақ бәліші дайын! Ас болсын!