Массагеттен мәзір: Апельсин бәліші

Сәлем, ас үй ханшайымдары! Бүгін сіздерге тағы да бір дәмді бәліштің мәзірін ұсынғалы отырмын. Өткен жолы "Орамжапырақ бәлішін" жасағаннан кейін біздің оқырмандарды ұн тағамдары, тәтті бәліштердің қызықтыратынын байқадым да, тағы да бірін жасап көрейін деп шештім. Өзім негізі тәтті тағамдарды ұната бермеймін, сондықтан болар, жасау аздап қиынға соқты. Алайда, құлшынысы, ебі бар адамдарға өте оңай бәліш. Апельсин қосылған бәліштің дәмі де, иісі де сіздің жақындарыңызға ұнайды деп сенемін. Сонымен, бастайық.
 

Құрамы:

1 дана апельсин

150 мл апельсин шырыны

150 гр қант

60 мл өсімдік майы

250 гр ұн

1 ас қасық сода

қамыр қопсытқыш

  Апелсинді қабығынан арылтып, бір ыдысқа суын сығып алыңыз. Апельсиннен қаншалықты судың шығатынын нақты білмегендіктен, қосымша апельсин шырынын сатып алдым. Дұрыс болған екен, мен таңдаған апельсиннен өте аз шырын шықты.
  Енді апельсин қабығын үккіштен өткізуге кірісіңіз (цедра). Бір апельсиннің қабығының бәрін жұмсау керек.

  Шырын мен цедраны араластырып, қант салыңыз. Араластырғыштың көмегімен қантты ерітіңіз.
  Сонан кейін ұнды, соданы, қамыр қопсытқышты саласыз.
  Жақсылап араластырып, майды құйыңыз. Негізі, 2 ас қасықтай уксус қосқан дұрыс секілді, бірақ мен одан бас тарттым.
  Пешті 180 градусқа дейін қыздырып алыңыз. Табаны жақсылап майлап, дайын болған қамырды құйыңыз да, пешке салыңыз. Менің бәлішім 25-30 минутта пісіп шықты. Дайын болған тәттіге қант ұнтағын немесе кокос ұнтағын, бар болса, бадана күлтелерін сепсеңіз тіптен жақсы.
Апельсин бәліші дайын! Асыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева