Массагеттен мәзір: Анар ұсынған маклюбе

Бүгін танымал блогшы, аудармашы, қазақ интернетінің майталманы және жас келіншек Анар Мұстафина ұсынған керемет "маклюбе" тағамының мәзірімен таныс болыңыздар.

Құрамы:

400 гр сиыр еті; 1,5 шыны күріш; 3 картоп; 2 сәбіз; 2 кішкентай пияз; сұйық май; тұз; қызанақ, қияр; айран. Күрішті жуып, суға бұқтырып қойыңыз. Картоп пен сәбізді тазалап, жуып, майдалап тураймыз. Пиязды тазалап, майдалап тураңыз.
Картопты майға тұз қосып қуырамыз. Дәл сол сияқты сәбізді де бөлек маймен тұз қосып қуырамыз. Енді үлкендеу қазанға май құйып, етті тұздап қуырамыз. Қуырылған етке пияз қосамыз. Шамалы қуырылғаннан кейін етке сәбіз қосып, біркелкі қылып жайғастырамыз. Картопты сәбіздің үстінен саламыз. Көкөністерді қуыру барысында, суға бұқтырылған күрішті жартылай дайындыққа дейін пісіреміз. Оны қазанға салып, кішкене сорпа не қайнап тұрған су қосамыз.  Маклюбені баяу отқа қойып, дайын болғанша, қызанақ пен қиярдан салат әзірлейміз. Салатты тұздап, май қосуға болады. Маңызды сәт: Қазанды үлкен табаққа аударамыз.  Шетінен салат салып, ортасына айран құямыз. Маклюбе дайын. Астарыңыз дәмді болсын!

Ас үйде болған: Анар Мұстафина мен Сания Аринова