Кезекті мәзірімізде ешбір елдің асханасына тиесілі болмаса да, таңғажайып дәмімен тіл үйіретін «Алтын балық» тағамын ұсынамыз. Бұл – түрлі қоспалармен өңделіп, пеште картоппен бірге пісірілетін тағам. Оның дәмін бір татып көргеннен-ақ сүйікті асыңыз болып қалуы мүмкін. Олай болса, іске кірісейік!
Қажет азық-түліктер тізімі:
- 250 грамм балық еті;
- 0,5 келі картоп;
- 2 бас пияз;
- 0,5 келі черри қызанағы;
- 200 грамм ірімшік;
- майонез;
- 1 лимон;
- тұз;
- дәмдеуіштер.
1. Пиязды дөңгелектеп тураймыз.
2. Картопты да тураймыз. Оның барынша жұқа болғаны жақсы.
3. Черри қызанағын шөбінен тазартып, дөңгелектеп тураймыз.
4. Лимон шырынын бір ыдысқа сығып аламыз.
5. Жоғарыдағы лимон шырынын балықтың үстіне құямыз.
6. Ыдысқа салып, 30 минут сүрлейміз.
7. Пештің ыдысын майлап, картоптың тең жартысын тізіп шығамыз.
8. Артынша үстіне дөңгелектеп туралған пияздың тең жартысын саламыз.
9. Тұз бен қара бұрышты, дәмдеуіштерді қалауымызша қосамыз.
10. Сүрленген балық етін майдалап турап саламыз.
11. Балық еті жылдам пісетіндіктен, оны өзіңізге ұнайтындай етіп турауыңызға болады.
12. Балықтың үстіне черри қызанақтарын саламыз.
13. Оны әркім өз қалауынша салуына болады. Меніңше, аз болғаны жақсы.
14. Черри қызанақтарының үстіне қайтадан бір қабат пияз саламыз.
15. Ал пияздың көбірек болғаны жақсы.
16. Пияздың үстіне тағы бір қабат картоп саламыз.
17. Қалауымызша тұз бен бұрыш сеуіп, бетіне майонез жағамыз.
18. Айтпақшы тұз көкөністерге жақсы сіңірілуі үшін оны суға езіп қосуыңызға болады.
19. Ірімшіктің қатты түрін алған дұрыс.
20. Оны үккіштен өткіземіз.
21. Артынша майонездің бетіне саламыз. Ірімшігіңіз аз болып қалса, уайымдамаңыз. Себебі, ол пісіру барысында ериді. Алтын балығымызды 30 минут пешке салып пісіреміз.
22. Алтын балық тағамы дайын. Астарыңыз дәмді болсын!
Сурет: Massaget.kz