Массагеттен мәзір: "Oreo" печеньесі

Массагеттен мәзір: "Oreo" печеньесі
Фото: massaget.kz

Дүкеннің "Oreo" печеньесін жеп көрген боларсыз. Оны үйден дайындап көрдіңіз бе? Егер жауабыңыз "жоқ" болса, оның дайындалу жолының бір түріне көз салыңыз.

Печеньеге қажетті азық-түліктер:

– 300-350 г ұн;
– 180 г маргарин;
– 50 г какао;
– 200 г қант ұнтағы;
– 1 ванилин;
– 1 жұмыртқа;
– 1 ас қасық қопсытқыш.

Кремге қажетті азық-түліктер:

– 40 г маргарин;
– 200 г қант ұнтағы;
– 1 шай қасық ванилин;
– 2 ас қасық сүт.

Алдымен печеньенің қамырын дайындайық. Ол үшін құрғақ ингредиенттерді, яғни, ұн, какао, қопсытқыш және ванилинді араластырып аламыз. 

Содан соң бөлме температурасындағы жұмсақ маргарин мен қант ұнтағын миксермен араластырамыз.

Оған жұмыртқаны салып, тағы да араластырамыз.

Маргарин қоспасын құрғақ ингредиенттерге салып, қамыр дайындаймыз. Оны алдымен қасықпен, содан соң қолмен араластырған ыңғайлы.

Қамырды үш бөлікке бөліп, пакетке орап, тоңазытқышқа 30 минутқа қоямыз.

Крем дайындау үшін маргаринге аз-аздан қант ұнтағын салып отырып, миксермен араластырамыз. Соңынан ванилин мен сүтті құйып тағы да араластырамыз. Крем дайын.

Кремді арнайы аспаздық немесе қарапайым пакетке салып қоямыз.

Әр пакеттегі қамырды бөлек-бөлек илеп, шағын стақан немесе рөмке көмегімен дөңгелек ойықтар жасаймыз.

Печеньені 170 градуста қыздырылған пеште 10 минут пісіреміз.

Печеньенің толықтай суығанын күтеміз.

Печеньенің бір бөлігіне крем саламыз.

Оны печеньенің екінші бөлігімен жабамыз.

Жоғарыда көрсетілген ингредиенттерден 30 шақты печенье шығады. Печенье қытырлап тұруы үшін оны 30 минуттай тоңазытқышта ұстаған жөн.

"Oreo" печеньесі дайын!

А. Жапатова