Бұл тағам макароннан дайындалатын асты ұнатын адамдарға міндетті түрде ұнайды. "Appetitoso" сөзі итальян тілінен аударғанда "тәбетті" деген мағынаны білдіреді. "Appetitoso" макароны - тәбетті лезде ашатын, шырынды және жеңіл дайындалатын өте дәмді тағам.
Қажетті азық-түліктер:
- 300 гр макарон;
- 1 пияз;
- 400 гр фарш;
- 2 жұмыртқа;
- 1 стақан сүт;
- 200 гр ірімшік;
- тұз, бұрыш.
Макаронды шамамен өлшеп аламыз. Кез келген макарон түрін қолдануға болады.
Қазанға су қайнатып, аздап өсімдік майы мен тұз салып, араластырамыз. Содан соң, макарон піскенше қайнатамыз.
Пиязды төртбұрышты етіп тураймыз.
Пиязды табада қыздырылған майға қуырамыз.
Пияз қызара бастағанда фарш саламыз. Дәміне қарай тұз және қара бұрыш салып жіберіңіз. Фарш қызарған соң, отты баяулатып қойыңыз.
Ыдысқа жұмыртқаны жарып салып, шанышқымен араластырамыз.
Жұмыртқаға сүт құйып, аздап тұз салып, жақсылап араластырамыз.
Піскен макаронды суық сумен шайып, ыдысқа түсіріп аламыз.
Макаронды жұмыртқа мен сүт қоспасына салыңыз. Жақсылап араластырыңыз.
Пешке салуға арналған ыдысқа кілегей майын жағып шығамыз. Содан соң макаронның жартысын тегістеп саламыз.
Макаронның бетіне фарштың барлығын салып шығыңыз.
Үстіне қалған макаронның жартысын салыңыз.
Ірімшікті үккіштен өткіземіз.
Макаронның бетіне ірімшікті салып шығамыз да, 180 градуста қыздырылып тұрған пешке 25-30 минутқа саламыз.
Уақыт өткен соң, тағамымызды пештен аламыз.
Бұл тағамды дастарқанға ыстық күйінде апарған жөн.
"Appetitoso" макароны дайын! Астарыңыз дәмді болсын!