Массагетен мәзір: Көкнәр қосылған бәліш

Қолданушымыз Ақнұр Бектеміс дайындалуы өте оңай, әрі тез бәліш мәзірін ұсынып отыр. Оның ерекшелегі  – көкнәр қосылуында.

Көкнәр (мак) қосылған бәліш өте тез дайындалуымен ерекшеленеді. Әдетте, жақсы көтеріліп пісетін бәліштің қамырын дайындау қиындық туғызуы және көп уақыт алуы мүмкін. Енді сіз көп уақытыңызды бөлмей-ақ, қамыр дайындауда қиналмай, тез пісетін дәмді бәліш мәзірімен таныс боласыз.  

Құрамы:

200-250гр маргарин/сары май; 1 стақан қант; 3 дана жұмыртқа; 1-1,5 ас қасық көкнәр (мак); 2-2,5 стақан ұн; 1 шәй қасық қамыр қопсытқышы; ванилин; қант ұнтағы мен даршын (корица).

Ыдысқа маргаринді салып, газға қойып аздап ерітеміз.

Еріген майдың үстіне 1 стақан қант саламыз. 3 жұмыртқаны жарамыз. Көкнәр қосып, барлығын жақсылап араластырамыз. Қопсытқыш, ванилин және ұнды елеп қосамыз. Бірыңғай қоспа болғанша араластырып, бәліш пісіретін ыдысқа саламыз. Бәлішті 150-180 градусқа дейін ысытылған пеште 20-25 минут пісіреміз. Дайын болған пирогты ыстық пештен алып, таза матаға 5-10 минут төңкеріп қойған жөн. Қайта кері төңкеріп, суып үлгергенше үстіне қант ұнтағы мен даршын себеміз.

Бәлішті дастарханға суығаннан соң кесіп қоюға болады. Астарыңыз дәмді болсын!

Жолдаған: Ақнұр Бектеміс