Махаббат алмасы

Махаббат алмасы

Аяулы оқырмандарымызға күнделікті тұрмыста жиі пайдаланатын көкөністердің қасиеттері мен пайдасы туралы әңгімелеуді жалғастырамыз. Осыған дейін қызанақтың көкөніс ретінде танылып кетуін, Испания жеріндегі "Қызанақтар шайқасы" туралы айтқан болсақ, бүгін көкөністің пайда болуы мен емдік қасиеттері туралы сөз қозғайтын боламыз.

Қызанақтың отаны – Оңтүстік Американың солтүстік-батыс жағалауында орналасқан Эквадор мемлекеті болып табылады. Кейбір деректерде қызанақтың б.з.д V ғасырларда перуан тайпаларында өсірілгендігі де айтылады. Үндістер бұл жемісті «помидорль» деп атайды екен, біздер қолданатын «помидор» сөзі осыдан шықса керек. Айтпақшы, ең қызығы француздықтарда қызанақты «махаббат алмасы» деген мағына беретін «pomme d’amour» деп атайды екен. Осындай романтикалық атауға ие болған көкөніс Еуропада бастапқы кезде тек сәндік өсімдік ретінде өсірілген, ал оның жемісін улы деп саналып келген. Германияда қызанақ терезе алдындағы тақтайларды, Францияда күркелерді сәндеу үшін қолданылса, Англия мен Ресейде сирек ұшырасатын гүлдердің қатарында өсірілген екен. Қалай болғанда да, қызанақтардың бүгінде әлем халықтарының сүйіп жейтін сүйкімді жемістерінің бірі екендігіне дауымыз жоқ.

Қызанақты сүйіп жеуін жейміз-ау! Бірақ не үшін жейміз? Ендеше, махаббат алмасының денсаулыққа қандай пайдасы бар екендігін де біле жүріңіз.

Піскен қызанақтың құрамында ликопин деп аталатын пигмент болады. Қызынаққа қызыл түс беру қасиетіне ие аталған пигмент склерозға ұшырамауыңыз үшін сенімді қорғаныс бола алады. Ликопиннің атқаратын қызметтерінеДНҚ-ның қорғалуын, қатерлі ісік ауруларының (қуық түбі безінің рагы, асқазан рагы) бетін қайтару, қан тамырлары ауруларын азайту және т.б. кіреді.

Ликопин басқа пигменттер секілді қайнатқанда немесе пісіргенде жоғалып кетпей, керісінше мөлшерін көбейте түседі. Әсіресе, сорпалар мен тұздықтарда жақсы сіңірілетіндігі дәлелденген.

Қызанақтың құрамында: жасұнық, калий, натрий, магний, темір, хлор, фосфор, күкірт, кремний, йод және А, В, С, Е дәрумендері болады. Ал бұлардың әрқайсысы өздеріне тән ерекшелікке сай ағзада әртүрлі қызметтер атқарады.

Ағзадағы су-тұз алмасу бұзылғанда, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары кезінде және асқазан мен ішектің қызметі бұзылғанда қызанақ пен қызанақ шырынын пайдалансаңыз, таптырмас көмек болмақ.

Қызанақ пен бал қоспасының денсаулыққа пайдасы өте көп екен. Бұл қоспа иммунитетті арттырып, ағзаға ауру жолатпайтын көрінеді. 

Қоспаның дайындалуы:
Жарты литрлік банкіге сұйық балдың 230-250 грамын құясыз да, оны 40 градустық ыстық суға саласыз. Бал судай сұйық болып толық ерігенде, қызанақты ұсақтап турап, балға қосасыз. Қосындыны әбден араластырып болғаннан кейін тоңазытқышқа салып қою керек. Екі күннен кейін қоспаны қайта ысытып, сүт араластырып қайнатасыз. Осы қоспаны тағы бір апта тоңазытқышта ұстайсыз. Сонан соң бір ас қасықтан күніне жеті-сегіз рет жеп отырасыз.

Сондай-ақ бұл көкөніс қанымызда уландырғыш заттардың жиналуына, артериялардың қатаюына кедергі болады, әрі несеп айдағыш болып саналады. Тез қорытылатындығымен ерекшеленеді, мұны өзіңіз де байқаған боларсыз. Іш қатудан керемет ем. Теріні күн сәулелерінің зиянынан қорғайды. Ара шаққан кезде және күйіп қалған кезде жақсы көмектеседі.

Суреттер:wallcoo.net,black-white-cat.ru,lady.gazeta.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева