- Негізгі бет
- Аспаздық
- Лайфхак: Авокадоны қалай...
Лайфхак: Авокадоны қалай таңдау керек?
Қай жеміс не көкөністің де шіріп кетпеген, жақсы піскенін таңдау қашан да оңай емес. Ол үшін әр өнімнің өзіне тән ерекшеліктерін ескеру керек. Жалпы, сауда жасауға барарда ғаламтордан қай жемісті қалай таңдау керек екені туралы ақпарат оқып, білетіңіздің өзін ойыңызда жаңғыртып алған дұрыс. Сонымен, біз бүгін авокадо таңдауға қатысты лайфхактармен бөлісеміз. Көбіне бізге тансық бұл жемісті дұрыс таңдамағаннан да кейбіреулер оны ұнатпаймыз деп жатады. Себебі сатып алған ондаған жемістің бірнешеуі ғана жеуге жарамды болып шығады немесе мүлдем ішінде іліп алары болмай қалады.
Біз супермаркетте піскен авокадо таңдауды жеңілдететін қарапайым ережелер тізімін жасадық. Соған назар салыңыз:
1. Авокадо піскенін білу үшін оны алақанға салып сәл қысыңыз, егер сәл пәл сығылатын болса, демек дәл піскен сәті.
2. Егер бірінші талапқа сай авокадо тапсаңыз, оның сабағын алып тастап, түбіне қараңыз. Піскен авокадо сабағының асты сарғыш немесе ашық қоңыр болуы керек. Егер жеміс піспеген болса, оның осы жерінен жасыл реңк көресіз, ал шіруге жақын кезде қою қоңыр түсті болады.
3. Піскен авокадо қабығы шырша түсті, яғни, қойғылт жасыл реңкке ие болуы керек немесе сортына қарай күлгін болуы да мүмкін.
Алайда, көбіне супермаркетте де, базарда да піспеген жеміс сату белең алған. Себебі, тез сатылмаған жағдайда олар сөреде тұрып-ақ шіріп кетеді. Ал пісуге сәл қалған жемісті тұтынушы үйіне алып барған соң да «пісіріп» алады.
Сондықтан әлі шикі авокадо тез пісуі үшін қандай жағдайда сақтауға болатынын да айта кетейік.
№1 әдіс
Кез келген піскен жеміс этилен бөледі. Бұл авокадоның тез пісуіне көмектеседі. Сондықтан піскен банан, алма немесе қызанақты алып, піспеген авокадомен бірге орап қойыңыз. Оралған жемістерді тоңазытқышқа емес, жылы жерге орналастырыңыз. Бұл әдістің ерекшелігі, оның пісуіне шамамен бір апта уақыт кетеді. Бірақ содан кейін сіз жұмсақ және піскен жеміс жей аласыз.
№2 әдіс
Егер сіз ұзақ күте алмасаңыз, онда екінші әдіс сізге арналған. Піспеген авокадоды екіге бөліп, сүйегін алып тастап, ортасын қасықпен сыдырып алыңыз. Содан кейін тостағанға салып, микротолқынды пешке 30 секундқа жылыту режиміне қойыңыз. Осы уақыт ішінде ол жұмсақ болып шыға келеді.
А. Оралқызы