- Негізгі бет
- Аспаздық
- Лаваштан жасалған рулет:...
Лаваштан жасалған рулет: Ең дәмді 5 салынды
Лаваштан жасалатын рулет – оңай дайындалатын және өте дәмді тіскебасар. Бұл тағамға кез келген салынды таңдауға болады, себебі лаваш етпен, балықпен және кез келген көкөніспен үйлесе береді. Мұндай рулетті салқын тіскебасар ретінде және ыстық тағам ретінде ұсынуға болады. Лаваштан жасалатын рулетке арналған салындының ең дәмді 5 рецептісін ұсынамыз.
1. Краб таяқшасы салындысына қажет ингредиенттер:
- 1 үлкен қияр;
- 2-3 краб таяқшасы;
- 2-3 ас қасықтан консервіленген жүгері мен бұршақ;
- 100 г ірімшік;
- 2 піскен жұмыртқа;
- ақжелкен немесе аскөк;
- 3 ас қасық қаймақ;
- 2 қызанақ;
- аздап тұз бен қара бұрыш.
Краб таяқшасымен жасалатын лаваш рулетінің дайындалу жолын мына материалдан көре аласыздар.
2. Шұжық салындысына қажет ингредиенттер:
- 250 г шұжық;
- 2-3 жұмыртқа;
- 200 г балқытылған ірімшік;
- 2-3 ас қасық сарымсағы бар майонез;
- аздап ақжелкен мен аскөк;
- 1 шымшым қара бұрыш.
Шұжық, жұмыртқа, балқытылған ірімшік және ақжелкен мен аскөкті ұсақтап турап, оған аздап қара бұрыш қосып, барлығын майонезбен араластырамыз. Осы салындыны лавашқа жағып, рулет етіп орап, тоңазытқышқа салып қоямыз.
3. Сүзбе салындысына қажет ингредиенттер:
- 200 г сүзбе;
- 4 ас қасық қаймақ;
- аскөк;
- 1 сарымсақ;
- дәміне қарай тұз бен қара бұрыш.
Сарымсақты езіп аламыз және аскөкті ұсақтап тураймыз. Сүзбеге сарымсақ пен аскөкті салып, дәміне қарай тұзы мен қара бұрышын салып, барлығын қаймақпен араластырамыз. Салындыны лавашқа жағып, рулет етіп орап, аз уақытқа тоңазытқышқа саламыз.
4. Балық салындысына қажет ингредиенттер:
- 1 консервідегі тунец;
- 2 ас қасық майонез;
- 40-50 г ірімшік;
- 2-3 салат жапырағы.
Алдымен лавашқа майонезді, содан соң консервідегі тунецті жағамыз. Оған сұйығы құйылып кетпеуін қадағалаңыз. Оның үстіне үккіштен өткізілген ірімшікті саламыз. Соңынан бетіне салат жапырақтарын қойып шығамыз. Содан соң лавашты абайлап рулет етіп ораймыз. Сыртынан аспаздық пакетпен орап, тоңазытқышқа саламыз.
5. Диеталық салындыға қажет ингредиенттер:
- аскөк;
- 3 ас қасық қаймақ (15%);
- 50 г сүзбе ірімшік (брынза);
- 1 қияр.
Аскөкті ұсақтап тураймыз. Сүзбе ірімшікті үккіштен өткіземіз. Сүзбе ірімшікке сарымсақты салып, оны қаймақпен араластырамыз. Оны лавашқа жағамыз. Қиярды үккіштен өткізіп, лавашқа қойып шығамыз. Лаваштан рулет жасап, бетін жұқалтырмен орап, тоңазытқышқа саламыз.
А. Жапатова