Қызылша — дәмді, құрамында пайдалы дәрумендері мен қанты көп, денсаулыққа пайдалы көкөністердің бірі. Ол ағзада қанның көбеюіне жағдай жасайды. Ең бастысы, одан кез келген адам сүйіп жейтін салаттардың түрлісін әзірлеуге болады. Назарларыңызға қызылшадан әзірленген 3 түрлі салат ұсынамыз.
Қызылша мен қара өріктен әзірленген салат
(Ингредиенттер 4 адамға есептелген)
Қажет азық-түліктер тізімі:
- 1 кг қызылша;
- 200 г қара өрік;
- 200 г сары өрік;
- 5 грек жаңғағы;
- 250 г майонез;
- тұз.
Әзірленуі:
Қызылшаны қайнатып, қабығын аршимыз. Кептірілген жемістер қатты болса, ыстық суға салып, жұмсартып аламыз. Жұмсарған соң оларды кесеміз. Бірақ өте кішкентай қылудың қажеті жоқ. Грек жаңғақтарын да кесеміз. Барлығын қызылшамен араластырып, тұз себеміз, кейін майонезбен араластырамыз.
Корейше қызылша
(Ингредиенттер 10 адамға есептелген)
Қажет азық-түліктер:
- 500 г қызылша;
- 3 тіс сарымсақ;
- 0,5 шай қасық қызыл бұрыш;
- 1 шай қасық үгітілген күнзе;
- 70 мл сірке қышқылы;
- тұз.
Әзірленуі:
Қызылшаны жақсылап жуып, суға салып қайнатыңыз. Артынша үккіштен өткізіңіз немесе жіңішке қылып тураңыз. Ыдысқа салыңыз. Ал сарымсақты ұсақтап тураңыз. Артынша қызылшаның үстіне сарымсақты салып, тұз себіңіз, сірке қышқылын қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз. Қызылшаны ыдысымен қайнап тұрған судың үстіне қойып, 20 минут бойы ішіндегі тағамдарды араластырыңыз. Артынша оттан алып, бұрыш, күнзе және натрий глютаматын қосыңыз. Өсімдік майын салатқа құймас бұрын, табаға құйып ысытып алыңыз. Артынша қызылшаның үстіне құйып, барлығын 12 сағатқа қалдырыңыз.
Фаршталған қызылша
Қажет азық-түліктер тізімі:
- 400 г қызылша;
- 300 г сиыр еті;
- 2 бас пияз;
- қаймақ;
- өсімдік майы;
- тұз;
- қара бұрыш.
Әзірленуі:
Қызылшаны қайнатыңыз. Ет пен пиязды және дәмдеуіштерді бұқтырыңыз. Піскен қызылшаның қабығын аршып, ортасын ойып алыңыз. Осы ортасына бұқтырған ет пен пиязымызды салып, бетіне қаймақ жағып, 15 минутқа пешке салыңыз. Артынша дайын болған тағамды көк шөппен безендіріңіз. Фаршқа күріш немесе мейіз, күріш, қатық пен қант қосылған тәтті фарш қосуға болады. Осымен салаттарымыз дайын. Астарыңыз дәмді болсын!