Қызанақ шырынының пайдасы мол екені бұрыннан белгілі. Ертеде қызанақ шырынын хан сарайларда халық көсемдері мен қадірлі қонақтарға берілген екен. Ал оның қаншалықты пайдалы болса, соншалықты зиянды екенін көпшілік біле бермейді.
Қызанақ шырыны - құрамында крахмал және концентрантты қант болмаса, ең пайдалы әрі құнарлы. Қоспасы жоқ сусын құрамында магний, кальций, натрий, минералды заттар, А,В,С,К,РР дәрумендері және шырын алма, лимон, қымыздық қышқылы бар. Жазда бұл сусын шөл қандырса, қыс мезгілінде бойдағы температураны бір қалыпта ұстауға ықпал етеді.
Шырын жүрек қантамырлары мен бойдағы қан айналым жұмысын жақсартады. Ағзадағы зиянды қалдықтарды сыртқа шығарады. Тері қабатын жұмсартып, шаш, тырнақ өсіміне тікелей ықпал етеді. Қызанақ пен оның шырынының құрамында ликопин бар. Ол ағзаны зиянды ісік ауруларының талшықтарынан қорғайды. Сондай-ақ, қызанақ шырыны семіздікке жол бермейді. Қызанақ шырыны анемия, көз аурулары, жүйке ауруларының алдын алады.
Алайда, қайнатылған немесе консервантты қызанақ шырынының пайдасына қарағанда, зияны көбірек. Оны көп мөлшерде пайдалану өт және бауыр жолдарында тастардың жиналуына жол береді. Сондықтан да, жарамдылық мерзімі үш айдан асатын шыны ыдыстағы қызанақ шырынына көп әуестене бермеңіз.
Асқазан ауруларына шалдыққан жандарға қызанақ шырынын көп мөлшерде қолдануға болмайды. Әсіресе, асқазан жарасы, гастрит, панкреатит ауруларымен ауыратын жандар үшін қызанақ шырыны қауіпті болуы мүмкін.
Қызанақ шырынын үйде жасауға болады. Ол үшін қып-қызыл болып піскен, қатты қызанақтарды жуып, оны сыртқы қабатынан ажыратып алыңыз. Екіге бөліп, шырынсыққыштан өткізіңіз. Дайын шырынға бір шәй қасық тұз қосып, оны 10-15 минуттан кейін пайдалануға болады. Сондай-ақ, қызанақпен бірге шырынсыққышқа алма, лимон, асқабақ, сәбіз қосуға болады. Араласқан шырын да пайдалы келеді.
Күнделікті таңертең және ұйықтар алдында 1 стақан қызанақ шырынын ішкен абзал. Таңертең шырын адам бойына сергектік бітірсе, кешкілік жанға тыныштық сыйлайды. Қызанақ шырынын ас алдында да ішуге болады. Алайда, оны құрамында көп мөлшерде ақуыз кездесетін тағамдармен араластырмаған жөн.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: palomnichestvo-cherepaha.blogspot.com, liveinternet.ru