Жаз мезгілінің басты сусынын қалай ішу керек, арықтауға қандай пайдасы бар, нағыз квасты қайдан алуға болады және тағы басқа сұрақтарға осы мақаламызда жауап береміз.
Квастың денсаулыққа қандай пайдасы бар?
Оның негізгі құрамы: ашытқы, уыт пен ашытқы өнімдері.
Ашытқы. В тобының құнды дәрумендері, демек әлсіздік, қозғыштық, күйзеліс, қайызғақтың алдын алып, қалың және жылтыраған шаштар, әдемі тырнақтар мен сымбатты келбетке жол ашады. Бұдан өзге, ашытқыда РР дәрумені көп. Ол тәбетті ашуға, тері денсаулығына және беттің сау реңкіне жақсы әсер етіп, сонымен қатар органикалық қышқылды реттейді. Соңғылары ауру тудыратын микробтармен күресіп, ішекті тазартады және де ағзада сұйықтықты сақтап тұратындықтан квас шөлді жақсы басады.
Уыт. Бидай, арпа, қарабидай мен қарақұмық дәндері Е дәруменіне бай, ал бұл бізге қартаюмен күресуге көмектеседі, әжімдерді тегістеп, жүрек-қан тамырлар жүйесін мықтайды.
Ашытқы өнімдері. Құрамындағы пайдалы микроағзалардың мөлшері жағынан квас айраннан қалыспайды. Ол да ас қорытуды, зат алмасуды жақсартады және иммунитетті күшейтеді.
Сымбатты дене үшін
Құрамында міндетті түрде қант болатынына қарамастан, нағыз квас салмақ қосуға әсер етпейді. Диетада отырсаңыз бір саптыаяқ квас ішу тіпті құпталады. Ал егер артық салмақ тастағыңыз келіп жүрсе сізге қызылша квасы жарайды.
Бөшке квасы
Бөшкенің қақпағы мықтап жабылып, пломба салынған болуы қажет. Егер жоқ болса, квас араластырылған деген күдік бар. Сонымен қатар ол салқын болуы міндетті. Егер сізге жылы квас құйып беріп жатса, оның жарамдылық мерзімі (48 сағаттан аспауы қажет) өтіп кеткен болуы мүмкін.
Бөтелкедегі квас
Бөтелкені жарыққа шағылыстырып көріңіз. Нағыз квас сәл тұнбалы болуы тиіс, бөтелкенің түбінде тұнба болса да болады.
Құрамында міндетті түрде ашытқы, қант пен уыт болуы тиіс.
Заттаңбасында «ашытқы өнімі» деген белгіні іздеңіз. «Газдалған» және «Квас концентратынан жасалған сусын» деген нұсқаулардан абай болған жөн – жақсы квас дайындау үшін концентраттар пайдаланылмайды.
Квас құрамында түрлі Е (ароматизаторлар, стабилизаторлар мен қант алмастырғыштар) көп болған сайын мұндай сусыннан пайда азырақ.
Квасты көлік айдаған кезде ішуге бола ма?
Квастағы спирт деңгейі 1,2% аспаса да, жүргізушілерге күніне бір жарым литрден көп квас ішу ұсынылмайды. Балаларға күніне жарты стақан квас ішуге болады.
Сурет: dobre.stb.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина