- Негізгі бет
- Аспаздық
- Күйзелісті емдейтін тағамдар...
Күйзелісті емдейтін тағамдар
Әдетте телехикая кейіпкерлерінің күйзелісті балмұздақпен емдейтінін байқаймыз. Шындығында одан арылу үшін мүлде басқа тағам жеу керек. Ол тағамдар төмендегідей:
Салат
Саумалдық сияқты жасыл салаттардың құрамында фоль қышқылы бар. Ол жүйкені босаңсытатын дофаминді бөлуге көмектеседі.
Күркетауық еті
Оның құрамында тәбетті бәсеңдетіп, бақыт сезімін «орнататын», серотонин затын бөлетін триптофан аминоқышқылы бар. Триптофан жаңғақ, балық, жасымық, бадана мен жұмыртқа сынды тағамдардың да құрамында бар.
Сұлы
Көмірсулар ағзаға серотонин бөлуге көмектеседі. Ал сұлы ауыр көмірсуға жатады. Күнделікті таңғы асқа сұлы ботқасын жеп тұрсаңыз, күйзелістен ғана емес, артық салмақтан да арыласыз.
Йогурт
2013 жылы UCLA жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша йогурт құрамындағы пробиотиктер адамның миына әсер етіп, қорқыныш пен үрей туғызатын кортизол гормонын азайтатыны анықталған.
Албырт (лосось)
Құрамында омега-3 майлы қышқылдары мол болғандықтан, албырт көңіл күйді көтеретін тағам болып саналады. Сондай-ақ ол Д дәруменіне бай. Әсіресе суық кезеңде адам ағзасы Д дәруменін талап етеді.
Қаражидек
Құрамында С дәрумені, жасұнық пен антиоксидант мол болғандықтан, күйзелісті аз уақыттың ішінде емдейді. Сонымен қатар қаражидек иммунитетті нығайтып, ағзаның сыртқы факторларға төтеп беруіне көмектеседі.
Пісте (фисташка)
Негативті ойлар легінен арылғыңыз келсе, пісте шағыңыз. Ол тек күйзелістен арылтып қана қоймай, жүрекке де пайдалы әсерін тигізеді.
Қара шоколад
Құрамында қант пен өсімдік майы көп сүтті шоколадтан гөрі таза қара шоколадты таңдағаныңыз жөн. Қара шоколадтың құрамында L-Тианин аминоқышқылы мол болғандықтан, күйзелісті жеңіп, көңіл күйді жақсартады.
Сүт
Сүт – бақыт сезімін ұялатып, көңіл күйді көтеретін Д дәруменіне бай. Лондонда орналасқан балалар денсаулығының институты 50 жыл бойы жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша Д дәрумені жетіспейтін адам жиі үрейлі болады.
Дәндер
Зығыр, асқабақ және күнбағыс дәндері магнийге бай. Ол эмоцияны қалыпта ұстауға көмектеседі. Сонымен қатар дәндердің құрамындағы мырыш ми қызметіне жәрдем етіп, шаршаңқы күйден, үрей мен беймазалықтан арылуға көмектесіп, есте сақтау қабілеті мен ұйқыны қалыпқа келтіреді.
Авокадо
Авокадоның құрамында жүйке жүйесін қалыпта ұстайтын В6 дәрумені мен фоль қышқылы мол.
Кешью
Бұл жаңғақтың құрамында В3, В1 мен В6 дәрумені мол. Олардың құрамында антистрессті магний минералы көп болғандықтан, қан тамырларының жұмсақ бұлшық еттерін босаңсытуға көмектеседі. Мұның арқасында ми оттекті көбірек сіңіріп, бас ауруының алдын алады.
Ф. Абилова