Құймақтың айран қосылған түрін жасап көрсеңіз, оның ашытқы қосылғанынан әлдеқайда артық екенін байқайсыз. Өзіңіздің қиялыңызға қарай оның алма, асқабақ, ірімшік, тауық еті қосылған сынды бірнеше түрін дайындай аласыз.
Айран қосылған қамырдың барынша қою болғаны жөн. Дәмді әрі үлпілдек болуы үшін ас содасы мен сірке суын, лимон шырынын пайдаланыңыз.
Айран қосылған құймақты ашығанын күтпестен пісіре беруіңізге болады. Құймақты табаға салмас бұрын, оны жақсылап қыздырып, өсімдік майын құйыңыз. Құймақты дайындау үшін бізге айран, ұн, жұмыртқа, ас содасы мен сірке қышқылы қажет. Тәтті құймақтарды жақсы көрсеңіз, бір шымшым тұз бен қант қосып жіберуіңізге болады. Ал ұнның кез келген түрін таңдай аласыз.
Азық-түліктің мөлшері үлкен рөл атқармайды. Бірі қамырға бір ғана жұмыртқа салса, енді бірі бірнешеуін салғанды жөн көреді. Ең бастысы, қамырыңыз қою болсын. Айтпақшы, арасына алма, асқабақ, мейіз сындыларды майдалап турап, қосып жіберуіңізге болады.
№1 мәзір: құймақ дайындаудың ең қарапайым тәсілі
1 стақан айран, 1 жұмыртқа, 1,5 стақан ұн, бір шымшым тұз бен ас содасын ыдысқа салып, араластырыңыз. Артынша үстіне 40 г су құйыңыз. Қамыр қоюланған соң бірден пісіре беруге болады. Қызып тұрған табаға ас қасықпен салыңыз. Бір шеті қызарған соң аударып, екінші бөлігін пісіріңіз.
№2 мәзір: айран мен мейіз қосылған құймақ
Жоғарыдағы әрекетті қайталайсыз. Кепкен өрік, мейіз, қара өрік дегендерді жақсылап жуыңыз. Сіз қамыр дайындаймын дегенше, жеміс-жидектер жұмсарады. Мейізді кесудің қажеті жоқ, ал сары өрік пен қара өрікті майдалаңыз. Бұл жолы құймақ тәттірек болады.
№3 мәзір: асқабақ қосылған құймақ
Келесі түрін арықтауды жөн көретін қыздар жей алады. Өйткені бұл жолы құрамындағы заттардың калориясы аз. Оны дайындау үшін 2 стақан айран, бір шымшым тұз, 2 ас қасық қант, бір шымшым ас содасы, 1,5 стақан ұн, 300 г майдаланған асқабақ қажет.
Асқабақтың қабығын аршып, ұнтақтағыштан өткіземіз. Барлығын жоғарыдағыдай араластырып, пісіре бастаймыз. Артынша бірнеше секундқа табаның қақпағын жауып қоямыз. Осымен құймағымыз дайын. Ас дәмді болсын!