Құрт – қазақтың ұлттық тағамы. Ол адамның бойына қуат дарытып, шөлдегенде сусын, қарның ашқанда азық болады. Құрттың түрлері де болады. Бүгін осы туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Жасқұрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін таптырмайтын ас саналады. Ертеректе жас құртты құйрық-бауырға қосқан. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасаған, ауырған малға ішкізген, әйелдер бас жуған.
Ыстыққұрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.
Сықпақұрт. Мұның қайнатқан кұрттан айырмашылығы сол ашыған айран қапқа кұйып сүзіледі де тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп тақшаға кептіріледі. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылған. Мұндай кұрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп мойындарына іліп қуанту салты болған.
Езгенқұрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт астауға салып ұнтақталады, келіге түйіледі немесе қол диірменге тартылады. Езілген құрттың таусыншақ түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Оны суға немесе сүтке қосып дайындалған тағамды малта деп атайды. Ақмалта – осы езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады, оны сол сұйық түрінде ішеді.
Ұнтаққұрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.
Құрт-май. Сары майға батырып табақ жасайтын кепкен сықпа жалпақ құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да кұрт-май деп аталады.
Құрт-көже. Сорпаға, көжеге құрт езіп ішу қазақ арасында көп тараған қадірлі ас.