Құрамында пальма майы бар зиянды 10 өнім

Құрамында пальма майы бар зиянды 10 өнім

Пальма майы — планетадағы ең көп тұтынылатын өсімдік майы. Оның 72%-ы азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, оны жүйелі түрде қолдану атеросклероз және жүректің ишемиялық ауруы секілді қауіпті ауруларға әкелуі мүмкін. Ендеше, қандай азық-түлікте пальма майы жиі қолданылады? Мүмкіндігінше, осы өнімдерді аз қолданыңыз немесе рационнан толықтай алып тастаңыз.

Печенье

Дүкенде сатылатын печеньелер мен бисквиттердің көбісінде пальма майы болады. Себебі ол қамыр көлемін азайтып, оны жұмсақ әрі үгілмелі етеді.

Нан және бөлке нан

Тәтті емес пісірмеге, әсіресе, ол арзан болса, жиі пальма майын қосады. Оны бөлке нанның жұмсақтығынан білуге болады: өте жұмсақ нан пальма майынан дайындалған болуы әбден мүмкін. Сондықтан батон немесе басқа да пісірме таңдаған кезде кішкене қаттылау түріне мән беріңіз.

Маргарин

Маргаринге пальма майы қосылады. Себебі ол тотығудың алдын алады және маргариннің ұзақ сақталуына көмектеседі. Бірақ ешқандай пайда бермейді. Сондықтан тамаққа табиғи кілегей майын қолданған дұрыс.

Шоколад (және шоколад пастасы)

Шоколад немесе шоколад пастасын таңдағанда оның құрамын мұқият зерттеңіз. Мүмкіндігінше, құрамында пальма майы бар тәттілерді алмаңыз. Құрамында какао майы бар шоколад пальма майынан жасалған шоколад секілді әдемі жылтырап тұрмайды және ыстықта жылдам еріп кетеді, бірақ оған қарағанда бірнеше есе пайдалы.

Таңғы асқа арналған үлпек

Пальма майы — көптеген дайын таңғы астардың тұрақты ингредиенті. Олар осы ингредиенттің арқасында айлар бойы сақталады.

Қытырлақ картоп (чипсы)

Барлық дерлік қытырлақ картопты пальма майына қуырады. Себебі ол басқа өсімдік майларына арзан балама.

Мұздатылған тағам

Мұздатылған жартылай дайын өнімдерге жиі консервант рөлін атқаратын пальма майын қосады. Сондықтан ерінбей, тамақты үйден дайындаған жөн. Егер дүкеннен жартылай дайын өнім алатын болсаңыз, құрамын мұқият зерттеңіз.

Балмұздақ

Пальма майын барлық балмұздаққа қоспайды. Әдетте, бұл ингредиент арзан десерттердің құрамында болады.

Жылдам пісетін кеспе

Барлық дерлік жылдам пісетін кеспенің орташа қаптамасында шамамен 20% пальма майы болады.

Көпіршітілген кілегей

Көпіршітілген кілегейдің көпшілігіне пальма майы қолданылады. Ол оның пішінін және құрылымын сақтауға көмектеседі.

А. Жапатова