Күнде жеуге болмайтын жемістер

Жаңа піскен жемітер күнделікті тіскебасарға арналған керемет таңдау саналады. Дегенмен кей жемісті күнде жеу ұсынылмайды. Сөзсіз, жемістердің адам ағзасына пайдасы мол, бірақ мөлшерін біліп, рационды түрлендіру маңызды. Олардан барынша пайдасын алу үшін әртүрлі жемістерді кезектестіріп жеген дұрыс.

Жеміс-жидектердің құрамында көптеген дәрумендер мен тағамдық талшықтар бар. Олар ауыр металдар мен холестеринді біріктіреді, көмірсулар мен майлардың сіңуін баяулатады, ішектер миклофлорасын жақсартады. Сондай-ақ, оларда калория аз, ал жасұнықтар, антиоксиданттар және микроэлементтер көп.

Бірақ олардың құрамында табиғи қарапайым қанттар — сахароза, глюкоза және фруктоза барын ұмытпау керек. Егер мөлшерін білмей, күні бойы жеміс-жидектерді көп жесеңіз, ол зат алмасудың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Банан

Піскен банан — тәттіні қатты жақсы көретіндер үшін десертті ауыстыра алатын жеміс. Ол калий, магний, кремний, С және В6 дәрумендеріне бай. Егер марафон жүгіруді немесе жаттығу залына баруды жоспарлап отырсаңыз, банан жеу — жақсы таңдау. Банан жеу арқылы энергияны жылдам алуға болады: бір бананда 150 ккал болады.

Бірақ артық салмақтан арылғысы келетін адамдар бананды абайлап жеу керек, себебі бір бананда 5 шай қасыққа дейін қант болады. Қант диабетімен қиналатын адамдарға да бананды жиі жеуге болмайды. Бананды жақсы көрсеңіз, бірақ артық салмақпен күресіп жүрсеңіз, бананның толық піспеген түрін таңдаңыз.

Жүзім

Жүзім флавоноидтер және фитонцид ресвератрол секілді антиоксиданттарға бай. Осы антиоксиданттар саулық пен жастықты сақтауға көмектеседі. 1 грамм жүзім қабығында 100 мкг ресвератролға дейін болады. Зерттеулер бұл антиоксиданттың көптеген созылмалы және онкологиялық аурулардың дамуының алдын алатынын көрсетті. Жүзімде глюкоза шоғырлануы жоғары болғандықтан, оның бір уысының өзі энергияны көбейтуге, көңіл күйді көтеруге көмектеседі және депрессиялық жағдайдың алдын алумен қамтамасыз етеді.

Алайда жүзімде басқа жемістерге қарағанда табиғи қанттар бірнеше есе көп екенін ескерген жөн. Егер жүзімді күнде жесеңіз, артық салмақ қосып алу қаупі бар. Егер салмағыңызды бақылап жүрген болсаңыз, осы жағдайды ескеріңіз: жүзім құрамындағы моноқанттар оңай әрі жылдам сіңеді де, майға жиналады.

 Грейпфрут

Бұл тропикалық жеміс С дәруменіне және антиоксиданттарға бай. Оны салмағын бақылауда ұстайтын адамдар жақсы көреді. Себебі ол тәбетті басады, оның калориясы төмен және ол суда еритін талшықтарға (пектин) бай.

Бірақ оның құрамы өте құнарлы болғандықтан, оны күнделікті негізде жеу ұсынылмайды. Әсіресе, егер иммунодепрессанттар, тежеушілер (статины), кальций каналдарын тоқтатқыштар, жүрек-қан тамырлар ауруларын емдейтін дәрі-дәрмек ішіп жүргендерге грейпфрут жеу қауіпті. Бұл жемістің мұндай дәрілермен үйлесімі олардың биологиялық тиімділігін арттырып, қосымша әсер беру қаупі бар.

 Лимон

Күнде таңертең аш қарынға лимон қосылған судың пайдасы жайлы оқыған боларсыз. Бірақ бұл сусын барлық адамға бірдей жақпауы мүмкін. Оны ойық жарасы бар, энтерит, гастрит, стоматит, асқазанның жоғары қышқылдылығы кезінде ішуге болмайды. Себебі лимон суы шырышты қабықты тітіркендіріп, жоғарыда айтылған ауруларды асқындырып жібереді.

Лимонды басқа да цитрусты жемістерді секілді күнде жесеңіз, ол тіс эмалін құртып жіберуі мүмкін. Сондықтан лимон тілімін жесеңіз немесе лимон суын ішсеңіз, одан кейін аузыңызды қарапайым сумен шаюды ұмытпаңыз.

Қарбыз

Аз уақыттан соң барлық дүкендер сөрелеріне қарбыз келеді. Жаздың ыстық күндері қарбыз шөлді жақсы қандырады. Оған қоса, қарбыздың калориясы аз және ол 90% судан тұрады.

Алайда қарбызды күнде жеу ұсынылмайды. Себебі оны ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде жеу диареяны шақырады. Ал ол ағзаның сусыздануына әкеледі. Қарбызды бүйрек аурулары бар және қант диабеті бар адамдарға жеуге болмайды.