Жақында ғана күнбағыс майының түрлері мен пайдасы жайлы айтқан едік. Бүгін рафинацияланбаған майды таңдау мен қолдану жайлы айтайық.
Үйде әзірленген майды таңдау
Көбіміз базарда сатылатын үйде әзірленген майды хош иісті деп, дүкендегі түрлерінен артық санап, өңделмеген базардағы майды аламыз. Алайда май иісінің жағымды болуы оның пайдасын арттырмайды. Иісі қатты болуы майды өндіргенде күнбағыс дәндерін қатты қуырып, одан көбірек май шығарғысы келгендігін көрсетеді. Бұл кезде дәндерде қышқылдану процессі басталып, канцерогендер қалыптасып, пайдалы заттар кемиді.
Сапалы рафинацияланбаған май қою, түбінде тұнбасы болады. Тым мөлдір рафинацияланбаған майдың сапасы нашар, алайда тым күңгірт май алмағаныңыз да жөн. Қолдан жасалған майдың бір тамшысын қолға тамызып көріңіз: сапалы май ақырын ағады. Сонымен қатар сапалы май бөтелкеге құйылғанда еш дыбыс шығармайды.
Әрине қолдан жасалынған өнім өндірісте жасалған түрінен жақсы деп білеміз. Бірақ ол жиі жағдайда керісінше бола алады. Мұндай майлардың құрамында ауыр металдар, онкологиялық ауруларды қоздыратын бензопирен болуы мүмкін. Базардағы майдың жасалған уақыты мен сақталу мерзімін еш уақытта нақты біле алмайсыздар. Базарда сатылатын қолдың майының сақталу мерзімі 1-ақ ай. Сол себепті бұл жерден ескі май алып кетуіңіз де әбден мүмкін. Сонымен қатар көптеген сатушылар жақсы күнбағыс майын сапасыз арзан майлармен араластырып сатады.
Егер сіз біздің кеңестерімізден кейін де майды базардан аламын десеңіз, оны мүмкіндігіңізше тексеріңіз. Бөтелкенің сыртқы түрін, майдың түсін тексеріңіз. Бөтелкені ашып, иіскеп көріңіз. Одан күнбағыс дәнінің иісі шықпауы керек.
Майды қалай сақтау керек?
Егер базардан қолдың майын алсаңыз, оны шыны банкаға құйып, қараңғы жерге қойыңыз. Ашылған май бөтелкесін бір айда бітіріп тастауға тырысыңыз. Қолданған кезде, тоңазытқышқа салуды ұмытпаңыздар.
Егер майға ас қуыру барысында май булана бастаса, оған тамақты қуыруға болмайтындығын біліңіз.
Күнбағыс майының басқа қолданысы
Бұл әмбебап құралды тек аспаздыққа қолдануға болады деп ойлайсыз ба? Пайдалы күнбағыс майын мына салаларда қолданып көріңіз.
Массаж жасағанда, қымбат массаж майларының орнына күнбағыс майын қолдануға әбден болады. Күнбағыс майын қолға жағып, сыртынан целлофанмен орап, қолғап киііп алыңыз. Осындай компресс 1-2 сағатта жақсы әсер етіп, қол терісін қоректендіреді. Табандағы жарықшыларға 100 грамм күнбағыс май мен дәріханада сатылатын А дәруменін араластырып жағыңыз. Бұл табанның жағдайын айтарлықтай жақсартады. Сондай-ақ бұл дауаны ерінге, шынтаққа қолдануға болады.Күнбағыс майын үй шаруашылығында қолдану:
Әжетхана мен ас үйдегі раковинаның крандарының бетін маймен сүртіп шықсаңыз, беті жарқырап қалады. Сонымен қатар бұл темірді коррозиядан сақтайды. Сықырлап тұрған есіктерді күнбағыс майымен майлап қойыңыз. Былғарыдан тігілген күртешелер мен сөмкелер, аяқ киімді күнбағыс майының тамшысымен сүртсеңіз, олар жалтырай түседі.Егер күнбағыс майын дұрыс таңдап, сақтап, қолдана алсаңыз, ол үйіңіздегі ең әмбебап құралға айналмақ.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: vkirove.ru, neweurasia.net