- Негізгі бет
- Аспаздық
- Кондитерге арналған 4...
Кондитерге арналған 4 лайфхак
Кондитер өнімдерін дайындау үшін асқан еп пен байып керек. Тағам ойдағыдай шығуы үшін сонымен ғана шектелмей, жұмысты жеңілдететін тәсілдерді де білу қажет. Назарыңызға атақты кондитер Андрей Бунбичтің ас үйге қатысты лайфхактарын ұсынамыз.
Сары май не шоколадты еріту
Тортқа не басқа да десертке қосатын шоколадты, сары майды еріту үшін көбі су моншасын (водяной баня) қолданады, яғни ыстық су үстіне ыдыс қойып әуреленіп жатады. Егер үйіңізде қысқа толқынды пеш болса, енді бұл іс еш қиындық туғызбайды. Ерітетін тағамыңызды қысқа толқынды пешке салып, әр 10-15 секунд сайын пештен шығарып, аздап араластырып қойсаңыз болды, жабыспай, күймей тез ериді.
Бисквит көтеріліп пісуі үшін
Бисквиттің көтеріліп пісуі – әр әйелдің уайымы. Әсіресе жай үйге пісіргенде жақсы көтеріліп, қонақ келетін кезде жасаған бисквит көтерілмей қалуы көбіне таныс жағдай. Пештің температурасын сәл жоғары қойып, ал қамыр формасының сыртын ылғал орамалмен жауып пісірсеңіз, бисквит жақсы көтеріліп, беті тегіс боп піседі.
Кекс жарылмай пісуі үшін
Кекстің қамыры ауырлау болғандықтан ұзақ піседі және піскен кезде жарылып, әдемі болмай шығуы мүмкін. Оның алдын алу үшін қамырын формаға салғаннан кейін 1-2 см болатындай етіп силикон күрекшемен ортасын кесіңіз. Сонда өн бойына жайылып, кекс әдемі боп піседі.
Кондитерлік қалтаны дұрыс толтыру
Кондитерлік өнермен кәсіби түрде айналысатындар үшін бұл мәселе болмауы мүмкін. Ал үйде анда-санда торт пісіретіндер кондитерлік қалтаны толтыру әдісін білмеуі мүмкін. Жатқызып қойсаңыз не қолға ұстап тұрсаңыз, жан-жағына жағылып, ыңғайсыздық туғызады. Оны бойы биік стақанға не банкаға салып ап толтырсаңыз, ісіңіз жеңілдей түседі.
@. @assel_assanova