Авокадо — тропикалық елдерді мекендеушілердің сүйікті әрі маңызды жемістерінің бірі. Оның жабайы түрлері белгісіз. Ал жеміс өзінің шығу тарихы үшін Орталық Америка тайпаларына қарыздар екен. Нақтырақ айтсақ, авокадо бірнеше түрлердің будандастырылуы арқылы Мексика жерінде пайда болған. Үндістер оны осыдан 7 мың жыл бұрын өсіре бастады. Авокадо өзінің құрамындағы ақуыз бен өсімдік майының арқасында адамдардың күнделікті пайдаланатын тағамдарының біріне айналды. Тіпті, Орталық Америкадағы кедей отбасылар авокадоны және жүгері тандыр нанын негізгі тағамдары ретінде таниды.
"Авокадо" сөзін ең алғаш рет еуропалықтар қолданған екен, асылында бұл жемісті "ахуакталь" деп атап жатады. Міне қызық, авокадоны "қолтырауынның алмұрты" деп атайтын елдер де бар екен.
Дәл қазіргі уақытта авокадо Оңтүстік Америкада, Мексикада және Еуропаның оңтүстік аймақтарында өсіріледі.
Авокадоның қабығы жылтыр немес кіржиген болып келеді. Түсі ақшыл жасылдан, қара жасылға дейін кездеседі. Өзі өте берік және терісіне ұқсайды. Жемісінің жұмсақ еті кремге немесе майға ұқсас нәзік жасыл, дәмі жаңғақтыкіне ұқсас келеді. Авокадо жемісінің ортасында қатты қоңыр сүйегі бар.
Құрамындағы майдың көптігіне (шамамен 20-30%) қарап, халық оған оған "орман майының жемісі" деген ат таққан екен. Авокадоның майы құрамында қышқылдар көп кездесетіндіктен тез қорытылады. Сондай-ақ авокадо минералды заттарға, микроэлементтерге, дәрумендерге (әсіресе, В,Е дәрумендеріне) бай. Оның құрамында көміртегі мүлдем жоқ және ол ең калориялы жеміс болып табылады.
Авокадо инфаркттың алдын алып, күйзеліспен күресуге көмектесе алады және терінің жазылуына әсер етеді.
Көптеген адамдар авокадоны көкөністің қатарына жатқызады. Шын мәнінде ол жеміс және оны десертке, тәтті тағамдарға, қышқыл дәмді тағамдарға пайдаланады. Әрине, оны шикі қалпында жеуге де болады. Ол үшін жемісті айналдыра кескілеп, екіге бөлу керек.
Нағыз піскен авокадо шырынды, дәмі тәтті (алмұрттың, асқабақтың дәмін еске салады) келеді.
Авокадоны талдан қатты, жақсы піспеген күйінде жұлып алып, сатылымға жібереді. Жемістер бір-екі күн тұрғаннан кейін жетіліп, өте жұмсақ бола түседі. Саусағыңызбен басқанда із қалуы керек. Қараңғыда жақсы сақталады.
Көп адамдар бұл жемісті нанға жағып жегенді ұнатады. Салатпен, сорпамен, саңырауқұлақтар мен қышқыл тағамдармен тіске басар ретінде қосып жеуге де болады. Негізінен авокадо вегетариандық асханада жақсы танымал, ол етті және жұмыртқаны алмастыра алады. Ашылған, кесілген авокадоның түсі өзгеріп шыға келеді. Оның ең мықты сорттары: Эттлингер, Фуэрте, Нобель және Хасс.
Авокадоның сүйегі мен жапырағының құрамында жануарлар үшін аса қауіпті, адамдарға да зиянын тигізе алатын токсиндық заттар бар. Бұл токсиндер асқорыту жүйелеріне қиындықтар әкеліп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.
Авокадоның ұнтақталған сүйегі жағымды иіс шығарады.
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева