- Негізгі бет
- Аспаздық
- Көктемгі тағам уыздан...
Көктемгі тағам уыздан дәм таттыңыз ба?
"Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсаң да жол болсын!" деп бата беріп, Наурызды тойлағанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Шындығында да осы уақытта төрт түлік көбейіп: түйе боталап, бие құлындап, сиыр бұзаулап, қой қозылап, ешкі лақтап, шаруа да, ақ та көбейеді.
Жаңадан төлдеген малдың сүті "уыз" деп аталады. Бір аптаға дейін малдың сүті уыз қалпында болады. Уызда дәрумендер көп болғандықтан, адамға да, төлдерге де өте пайдалы.
Уыз шайға құюға жарамсыз. Сондықтан оны қайнатып, сусын ретінде ішеді. Бір апта немесе он шақты күн өткен соң малдың сүті сұйылып, кәдімгі қалпына келеді.
Қашан да дастарханы жиылмаған халқымыз жақын-жуығын, көршілерін уыздан дәм татуға шақырады. Қазір ауылдарда дәл осы науқан жүріп жатыр.
Түйенің уызына тайлақты түйенің сүтін қосып, іріп кетпеу үшін сапырып отырып пісіреді. Түйенің сүті басқа малдың сүтінен гөрі қоюырақ, калориясы көбірек болады. Бұзаулағанынан екі-үш күн өткеннен кейін сиырдың уызынан кейбір өңірлерде ірімшік жасайды.
Ал қойдың, ешкінің уызын бүйенге құйып, кәдімгі қазы секілді суға салып қайнатады. Сондықтан қой сойғанда оның бүйен ішегін уызға деп алып қойғаныңыз жөн. Ішекте пісірілген уыз қоюланып қалады. Етсіз қонақ жөнелте алмайтын апаларымыз қонақтарына соғымнан қалған сүрмен қосып, ұсынады. Сүр ет пен қадірлі тағам уыздан дәм татқан қонақ әлбетте баталарын жаудырады.
Ақ мол болсын! Жолдарыңыз болсын!
Сурет: info-tses.kz
Ұқсас жазба:
Ф. Абилова