Балық еті қазақ дастарқанында бұрыннан бері ерекше орынға ие. Оны дана халқымыз асып та, қуырып та, қақтап та ас еткен. Сондай-ақ балықтан әзірленген көптеген дәстүрлі тағам түрлері бар. Солардың арасында ерекше тарихы бар, тіл үйіртер дәмді ас - көктал.
Бұл дархан дастарқанымызға сай тағам ежелгі заманнан бастау алған. Көшпенді халқымыздың жауынгер батырлары сапарда ысыған тастарда балықты өз терісінде, өз шырынында пісіріп жеген екен. Міне, көктал осыдан бастау алыпты. Әрине көкталды әзірлеу біраз өзгеріске ұшырады, алайда бастың пісірілу тәртібі мен керемет дәмі сол күйінде қалды.
Көкталды дәстүр бойынша ер кісілер ғана әзірлейді. Тіпті бұл тағамның дайындалуына әйел атаулысын жақындатпайды деседі. Бұл дәстүрде де жатқан үлкен өсиет бар.
Жаңа ауланған үлкен, көлемді балықтан дайындаланатын бұл тағам кәдімгі қақталған балыққа ұқсамайды. Бұның себебі - пісірілу тәртібінде. Көктал ерекше ыстау пешінде әзірленеді. Аттас, яғни көктал пеші - беті жабылып, ішіне ауа бармайтын пісіру жәшігі. Ішінде балықты салатын темір торы болады.
Көктал әзірленуінің сыры - үйеңкі ағаштарының шыбықтары. Көктал пешінің түбіне, балық салынған тордың астына үйеңкі немесе кез келген басқа да талдың шыбықтары салынады. Атауының сыры да осында болса керек. Көкталдың ерекше дәмді болып пісуінің себебі де осы екен.
Назарларыңызға қолданушымыз Жако Жұмағали әзірлеген көктал мәзірін ұсынамыз.
Сурет: videomax.ru