Көкөністі салаттар көктемде дәрумендерге тоюдың ең дұрыс нұсқасы. Қазір нағыз жас қырыққабат, шалғам, сәбіз, жас картоп пен түрлі балғын көкөністерден тағам дайындайтын уақыт болып табылады. Пайдалы, диеталық және дәруменді 3 салат мәзірін ұсынамыз. Нәзік көкөністі салат Ингредиенттер: - 1 қаудан пекин қырыққабаты; - 1 сәбіз; - 1 болгар бұрышы; - 1 алма; - 1 құты консервіленген жүгері; - 0,5 лимон; - 2 ас қасық өсімдік майы; - 1 шай қасық қант; - дәміне қарай қара бұрыш пен тұз. Дайындалуы: 1. Пекин қырыққабатын жуып, ірі етіп тураймыз. Бірнеше жапырағын тұтастай безендіруге алып қаламыз. 2. Сәбізді үккіштің ірісінен өткіземіз. 3. Болгар бұрышын жіңішке ұзынша етіп тураймыз. 4. Жүгерінің сұйыған төгіңіз. 5. Салатқа алманың қышқыл түрін таңдаған жөн. Оны да ұзынша етіп турап, үстіне лимонның шырынын құямыз. 6. Салаттың тұздығын дайындаймыз. Ол үшін өсімдік майына қара бұрыш, қант, тұз және лимон шырынын салып, барлығын жақсылап араластырамыз. 7. Ыдысқа алдымен қырыққабат жапырағын жайып, үстіне барлық ингредиенттерді саламыз. Соңынан тұздық құйып шығамыз. Көктемгі көкөністі салат Ингредиенттер: - 1 байлам шалғам (редиска); - 2 жас картоп; - 1 буда көк жуа; - аскөк; - 1 шай қасық қыша түйіршіктері; - 2 ас қасық өсімдік майы; - дәміне қарай тұз бен қара бұрыш. Дайындалуы: 1. Жас картопты суға пісіріп аламыз. Суыған соң, оны орташа текше етіп тураймыз. 2. Шалғамды жіңішке дөңгелек етіп тураймыз. Көк жуа мен аскөкті ұсақтап тураймыз. 3. Барлық көкөністерді араластырып, Дәміне қарай оған тұз бен қара бұрыш салып, өсімдік майымен араластырамыз. Соңынан бетіне қыша түйіршіктерін себеміз. Түрлі түсті көкөністі салат Ингредиенттер: - 700 г қызылқауданды қырыққабат; - 3 түрлі түсті болгар бұрыштары; - 1 сәбіз; - 1 пияз; - аскөк пен ақжелкен; - 2 ас қасық өсімдік майы; - 1 ас қасық лимон шырыны; - 1 ас қасық қант; - дәміне қарай тұз. Дайындалуы: 1. Пиязды жіңішке жарты сақина етіп тураймыз. Оның үстіне қайнаған су мен лимон шырынын құйып, аздап қант салып, шамамен 10 минутқа қалдырамыз. Содан соң оны сүзіп аламыз. 2. Қырыққабат пен болгар бұрышын жіңішке ұзынша етіп тураймыз. Сәбізді үккіштен ұзынша етіп өткіземіз. Аскөк пен ақжелкенді ұсақтаймыз. 3. Барлық көкөністі араластырып, оған дәміне қарай қант, тұз және қара бұрыш салып, барлығын өсімдік майымен араластырамыз. Біздің мақалаларды Telegram-нан оқыңыз.