Кептірілген жемістер - тәттіге құмар қыздарға баламасы жоқ пайдалы дүние. Олар тәтті бәліш пен торттарды алмастырып, салмаққа қатты әсер етпейді.
Кептірілген жемістердің пайдасы зор. Табиғи болғаннан кейін, құрамында зиян жасанды қосылыстар болмайды. Кептірілген жемістер микроэлементтердің қайнар көзі: кальций тырнақ, шашты берік қылып, терінің түсін реттейді, магний қан қысымын қадағалайды, калий жүрек-тамыр жүйесінің жұмысына жауап берсе, натрий мен темір қандағы гемоглобин мөлшерін реттеп, ағза мүшелерін ауамен қамтамасыз етеді, пектин асқазан жұмысын жақсартады.
Бір уыс кептірілген өрік калийдің күндік нормасымен, ал 50 грамм кептірілген шие В6 мен магниймен қамтамасыз етеді. Күнделікті рационға кішкене қара өрік, інжір, құрма қосқан адам ас қорыту жүйесінің жұмысы жайлы ойланбаса болады.
Кептірілген жемістердің тағы да бір жақсы жері: ол пайдалы қасиеттерін жоғалтпай, құртылмастан ұзаққа сақталады. Сондай-ақ оны жылдың кез келген мезгілінде табуға болады.
Кептірілген жемістер жұмыста, жолда, үйде жей беретін ыңғайлы тіскебасар. Алайда тым көп желінген кептірілген жемістер зиян болуы мүмкін. Күніне 100 грамнан артық жемеген дұрыс.
Ал сіз кептірілген жеміс жейсіз бе?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: nar-sredstva.ru